Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында карантин шаралары жеңілтетілді

Түркістан облысының бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов коронавирустың алдын алу мақсатында бұған дейін қабылданған қаулыға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Соған сәйкес, Түркістан облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары демалыс және мереке күндері жабық болады. Жұмыс күндері орталық таңғы тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін шектеу шараларын сақтап жұмыс істейді.

Ашық базарлар мен жәрмеңкелер қызметіне рұқсат берілді. Облыста адам көп қатынайтын уақытта автобустар саны көбейтіледі. Соған байланысты қоғамдық көлік қызметі тоқтамайды.

Діни нысандарда медициналық бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, ашық ауада ұжымдық діни іс-шаралар, атап айтқанда жұма намазы, күнделікті православ дұғасын жасауға рұқсат берілді.
Сондай-ақ облыс бойынша Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина алмаған жұмыскерлер (тұрақты медициналық қарсы көрсеткіштері бар және кейінгі 3 айда Covid-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) офлайн режимде жұмысқа жіберілмейді.

Қаулыны меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғаларға орындау міндеттелген. Қаулы бүгіннен бастап күшіне енді. Сонымен қатар қаулыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлері 7 күнде бір рет ПТР-тест тапсыруға тиіс нысандар тізімі жарияланды. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 14 Шілде, 2021 11:03
Талқылау