Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында дәрігерлер науқасты Tоyota көлігімен тасып жүр

Түркістан облысында жансақтау бөлімінде жатқан науқасты дәрігерлер 40 шақырым жерге санавиация былай тұрсын медициналық көлікпен де апармаған. Сайрам ауданынан облыс орталығына жағдайы ауыр науқасты Tоyota Camry көлігімен жеткізді. Қан талдаулары мен түрлі сынама алу үшін шалғайға науқас тасыған дәрігерлер 11 күннен бері нақты диагноз қоя алмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo бағдарламасына сілтеме жасап. 

науқас

Сайлаукүл Есентаева 28 шілде күні Сайрам аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Туыстарының айтуынша, тынысы тарылып, жағдайы күрт нашарлаған. Жылына бірнеше рет осындай белгімен аурухана төсегіне жиі таңылатын науқастың бұл жолғысы тым ауыр болды, дейді жақындары. Тіпті, тамағын тесіп, құрал орнатуға тура келген. Туыстары сырқатының жақсарып жатқан түгі жоқ, деп отыр. 

«Не деген сұмдық? 11 күн болды, бір диагноз қоя алмады. Нақты диагнозын айта алмайды. Айтатындары – гистология шықсын. Осылай келіп жатып жүргеніне, қанның кетіп жүргеніне екі жыл болды. Он күн жатады да жібереді. Келесі ай тағы түседі. Тағы осылай жібереді», - дейді науқастың қызы. 

Қаламқас Есентаеваның айтуынша, анасын ақ халаттылар әрі-бері сүйреп, сылқылдатып шаршатыпты. Дәрігерлер талдау алу үшін жолдама қағазды қолымызға табыстады, дейді ол. Шымкентте жасалатын сараптамаға не жедел жәрдем, не бір маман қосып берместен өз күшімізбен апарып келуді тапсырды дейді науқастың қызы. Бірақ қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз деген аурухана басшылығы бұл уәждермен бірдей келіспейтінін айтты. 

«Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені бағыттама берген онколог дәрігер бар. Бұл жерде жатқан науқасты міндетті түрде жедел жәрдеммен жібереміз», - деді Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрәлі Ирсалиев.  

Аурухана басшылығы міндетті түрде жедел жәрдеммен жібереміз дегенмен, видеодан науқасты Toyota көлігіне отырғызып жатқанын аңғаруға болады. 

Талқылау