Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында дәретханаға құлаған 3 жасар бүлдіршіннің өлімі: 16 жастағы бойжеткен қызды өлтірді деп айыпталды

Түркістан облысы Сіргелі ауылында әжетханаға құлап кеткен 3 жасар Асылымның өлімі туралы жаңа деректер пайда болды. Алғашында қыз абайсызда дәретханаға өзі түсіп кеткен деп айтқанымен, енді оны біреу итеріп жіберген деп айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мамырдың ортасында таңғы 09:00 шамасында Асылым кенеттен жоғалып кетті. Үш күннен соң оның мәйіті қарсы беттегі үйдің әжетханасынан табылды.

Сарыағаш сот-медициналық сараптамасы қыздың бетінде аздаған сызаттар, арқасында көгерген жерлерді анықтады. Бұл жарақат дәретхана тесігіне құлаған кезде болды деген болжам пайда болды. Мамандар Асылым әжетханаға өзі құлаған деген қорытындыға келген. 

Дегенмен 1 айдан кейін көрші үйдегі тағы бір қыз сол дәретханаға құлап кете жаздаған, бірақ дер кезінде құтқарылды. Аман қалған 5 жасар Нұрай оны біреу итеріп жібергенін айтыпты.



Тергеу қайта басталып, Асылымның өлімі қасақана кісі өлтіру екені көп ұзамай белгілі болды. Асылымның үйіне қарама-қарсы тұратын 16 жастағы көршісі күдікке ілінді.

Журналист Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, Түркістан облысының шағын ғана Сіргелі ауылында бәрі бір-бірін жақсы таниды.

"Мамыр айының ортасында таңғы 9-да 3 жастан асқан Асылым ұшты-күйлі жоқ болды. Әдеттегідей аулада, ары кетсе көршінің қызымен ойнайтын бүлдіршіннен не із, не сыбыс жоқ. Аттай 3 күн ата-анасы, туғандары, бүкіл ауыл мен еріктілер аяғынан тік тұрды. Полиция мен әскер тартылды. Ауылдағы бүкіл тесік-шұңқыр қаралды. Түк із жоқ. Сөйткен бүлдіршін көрші үйдің туалетінен табылды. Дәретханада 3 жасар қыздың денесі 3 тәулік бойы жатқанын үй иелері қалай байқамаған?

Сарыағаштық сот мед.сараптама, қыз таза, тек беті сырылған, артынан соққы алған. Бұл соққы дәретхана тесігіне ұрылғаннан болды. Асылым туалетке өзі түсіп кеткен деп көрсетті.

Алланың салғанына қарсы шара бар ма деп, егіліп ата-анасы қалды. Арада ай өтіп, Асылымның қырқына дайындалып жатқанда көршілес үйдің тағы бір қызы туалетке құлай жаздап, құтқарып қалыпты. Кішкентай қыздарды қинап, өлтіріп, дәретханаға лақтырып жүрген ересек адам бар деген сөз Сіргеліде желдей есті. Бір ажалдан аман қалған 5 жасар қыз Нұрай өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, буындырып ұрғанын бәрін айтып берді. Қыздың көйлегінің ұшын көріп қалған (ол да көрші) 7-сынып оқушысы мұнда не болып жатыр деп алып шыққан", - дейді Гүлмира Әбіқай.

Журналистің айтуынша, күдікті де көпке ұзамай қолға түскен.

"Нұрайдың айтқанының бәрі рас болды. Асылымның үйіне 40 жыл қарама-қарсы тұрған көршінің қызы қандықол қылмыскер болып шықты. 16 жаста (атын Жанира деп қояйық), бәрін мойындады. Тергеу Жанираны ауытқуы бар шизофрения деп тапты. Сонда 9 сынып бойы ауылдағы орта мектепте бәрімен бірге оқыған қыз аяқ астынан қалай ауру болып қалады? Қазір періште Асылымның ата-анасына қиын тиюде. 40 жыл арасын көше бөлген аралас-құралас, жақын туыс болып кеткен көршінің үйіне қараса жүрегі сыздайды. Оларды көрмеу, бетпе-бет кездеспеу мүмкін емес! Бүкіл ауыл бұл отбасының бір түнде өзге жаққа көшіп кетуін талап етуде", - деп жазды журналист Facebook парақшасында.

Жағдайға Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

“Полиция 3 жасар қыздың мерт болу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оның денесі мамырда Сарыағаш ауданында дәретханадан табылған. Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды.

Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.

Қазір істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салады”, – деді ПД баспасөз хатшысы.

Алайда, полиция оқушы қыз арнайы медициналық мекемеге түсті дегенмен, Түркістан облысының білім басқармасы кәмелетке толмаған күдікті қыз бұған дейін еш жерде есепте тұрмағанын мәлімдеді.

"Сіз көтерген мәселе Түркістан облысы білім басқармасының жіті бақылауында. Күдікті адамның өмірі мен денсаулығына байланысты еш жерде тіркеуде болмағанын мәлімдейміз. Өзге ақпараттар тергеу амалдарына байланысты жария етілмейді", - деді басқармадағылар.

Еске салсақ, Түркістан облысында үш күн бойы іздестірілген үш жасар қыздың денесі табылғанын хабарлаған едік.

Талқылау