Түркістан облысында әйелін қорлаған ер адам полицейге қарсылық көрсетіп, басынан шәйнекпен ұрған
Түркістан облысының Сайрам ауданында ер адам әйелін қорлап, соққыға жықпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынды
Аталған мекенжай бойынша ақпарат алғаннан кейін учаскелік полиция инспекторлары жедел келіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдап, ер адамға ескерту жасаған. Алайда жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қорлап, балағат сөздер айтқан. Осыдан кейін ер адам шақыруға келген полицейге қарсылық көрсетіп, шәйнекпен басына ұрған.
"Факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 380-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Осы баптың санкциялары төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді", – делінген хабарламада.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталады. Сайрам ауданының полиция қызметкері медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кірісті.