Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында анасы мен баласы шетел азаматтарының 9 көлігін сатып жіберді

Түркістан облысының полицейлері шет мемлекеттің азаматтарына тиесілі бөтен көліктерді ұрлады деген күдікке ілінген азаматтарды ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Тәжікстан азаматтарынан белгісіз біреулер осы жылдың мамыр айында шекара бекетіне жақын тұраққа қалдырған тоғыз автокөлігін сатқаны туралы мәлімдеме келіп түскен.

Бірнеше айдан кейін жәбірленушілер көліктерінің жоғалғанын анықтап, полициядан көмек сұрады. 

Аталған фактілерді полиция қызметкерлері қылмыстық кодекстің 189-бабы "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу" бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдікті адамдарды іздеуге кірісті.

Қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына бірден аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы барды.

Полиция қызметкерлері куәгерлерден жауап алып, басқа да жедел-іздестіру шараларын жүргізді, нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктілердің ізіне түсті. Олар тұрақта жұмыс істеген жергілікті тұрғындар, анасы мен баласы болды, оларға жәбірленушілер көліктерін сеніп тапсырған. Полицейлер күдіктілерді Қазығұрт ауданындағы туыстарының үйінде ұстады.

Оларды Сарыағаш АПБ-не жеткізді, күдіктілер өз кінәларын толық мойындады. Тергеу кезінде жас жігіттің бұған дейін істі болып, 2019 жылы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.

"Анасын көндірген қаскүнем Шымкенттегі тұрақтан бес миллион теңгеге алты автокөлік сатты. Ол қалған автокөліктерді Сарыағаш қаласындағы қосалқы бөлшектерге 2,5 миллион теңгеге сатқан. Олар түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсады. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Заттай дәлел ретінде алынған тоғыз автокөлік заңды иелеріне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын және ұсталғандардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Талқылау