Түркістан облысында "90-жылдардағыдай төбелес" видеоға түсіп қалған
Түркістан облысында ер кісіге бір топ адам шабуыл жасады. Камераға көлік жанында тұрған ер адам түсіп қалған. Үш-төрт адамнан тұратын жастар сұр көліктен түсіп, далада тұрған ер адамға шабыл жасайды. Шабуылдаушылардың бірі оқ атқаны видеодан көрінеді. Желіде видео таралып, оған "90-жылдардағыдай төбелес" деген баға берілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі болғандай, оқиға Түркістан облысында 17 желтоқсанда болған.
"17 желтоқсан күні сағат 22:15-те Сарыағаш АПБ-не аудандық ауруханадан дене жарақаттары бар ер адамның жеткізілгені жайлы хабарлама келіп түсті. Дәрігерлер зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетті. Аталған дерек Сарыағаш АПБ-нің СДТБТ-не 293-баптың 3-бөлігі "бұзақылық" бойынша тіркелді.
Ақпарат алғаннан кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Алдын ала мәліметтер бойынша, жол бойындағы кафелердің бірінде келушілер арасында сөзге келіспеушілік туындап, ол төбелеске ұласқан.
Нәтижесінде бұрын бірнеше рет сотталған, соның ішінде қарақшылық үшін айыпталған жәбірленуші ауруханаға көмек сұрап жүгінген, ал күдіктілер автокөлікпен қашып кеткен.
Сол күні полиция күдіктілердің жеке басын анықтады. Түркістан облысының полиция департаментінде оларды ұстауға бағытталған тәжірибелі жедел қызметкерлер қатарынан жедел топ құрылды", - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.