Түркістан облысында 15 жастағы зорланған қыздың ісі бойынша полицейлер де тексеріледі
Фото: depositphotos.com
Түркістан облысында 71 жастағы ер адамнан бала туған 15 жастағы мектеп оқушысының ісіне қатысты полицейлер тексеріледі. Оқиға Еңбекші ауылында болған. Күдіктіге қатысты "Зорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәліметінше, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл істі номенклатуралық есептен алып тастаған. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі мен облыстық прокуратура олардың әрекеттерінің заңдылығына тексеріс бастады.
"Түркістан облысында кәмелетке толмағанның жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыс бойынша ІІМ және облыс прокуратурасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", – деп жазды Закиева желідегі парақшасында.
Омбудсменнің айтуынша, қыз бала биыл қаңтар айында Астанада босанған. Дәрігерлер бұл туралы дереу полицияға хабарлаған, кейін материалдар аумақтық тергеу құзыретіне сәйкес Келес ауданына жолданған.
Алайда кәмелетке толмағанның анасы ресми арызды тек қазан айында жазған. Қазір оқиға орнына уәкілетті өкіл жіберілді.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 15 жастағы қыз 71 жастағы туысынан босанғанын жазған едік. Желіде тараған ақпаратта жасөспірімге қорлық көрсетті деген ер адам қыздың ағайын атасы екені айтылған. Жасөспірімнің зәбір көргенін ата-анасы қыздарының жүктілігінің жетінші айында бір-ақ білген.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
