Түркістан облысы балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша көш бастап тұр: Облыс әкімі жауап берді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балаларға қатысты қылмыс саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр деген мәлімдемеге қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Облыс әкімі балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Статистика бойынша біз 1-орында емеспіз, 7-орындамыз. Бірақ облыста тұратындар санының көптігіне байланысты қылмыстардың саны көп болуы мүмкін. Бұлай болмауы керек, мен мұны қолдамаймын. Алайда қоғам болған соң әр түрлі отбасылар, неше түрлі жағдайлары болады. Жақында аймақтардың бірінде 14 жасар қыз жүкті болып, баласы Шымкенттегі балалар үйіне жіберілді. Ал, бұған себепкер болғандардың барлығын жауапқа тарттық", – деді ол.
Әкімнің сөзінше, мұндай оқиғалар барлық өңірлерде кездеседі.
“Тек бізде ғана дегендеріңізбен 100% келіспеймін. Бұл дұрыс емес. Түркістан облысының тұрғындарына мұндай баға беруге болмайды. Мұндай жағдайлар барлық өңірде кездеседі. Облыс тұрғындарын қаралаудың қажеті жоқ”, – деді Дархан Сатыбалды.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сапарбаевтың інісі Әзімбек Пазылбекұлының қала әкімі қызметіне келуіне қатысты пікір білдірген еді.