Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан әуежайы алғашқы тұрақты рейсті қабылдады

ҚР Тұңғыш президенті күні мерекесінде Түркістан қаласы әуежайының ұшу жолағына алғашқы ұшақ қонды. Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы алғашқы тұрақты рейсті отандық лоукостер Fly Arystan  әуекомпаниясының ұшағы орындады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан-Түркістан арасындағы бірінші рейске 168 әуе билеті сатылды, кері бағытта - 161.

"Түркістан халықаралық әуежайы – іргетасынан бастап жаңадан салынған
Қазақстанның алғашқы әуежайы. Бірінші кезеңде қазақстандық "Fly Arystan", "Qazaq Air" және "SCAT" әуе компаниялары Түркістанды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен, сосын еліміздің басқа облыс орталықтарымен күнделікті рейстермен байланыстырады", - делінген министрліктің хабарламасында.

Ал әуежайдан алғашқы халықаралық бағыттар Ыстамбұл мен Дубайға ашылады деп жоспарланып жатыр. Әуе қатынасы мен сала қалпына келген соң Мәскеу, Баку, Самарқанд және басқа қалаларға рейстер ашылады.

"Шетел әуе компанияларын қолдап, ұшу географиясын кеңейту үшін
Түркістан қаласының халықаралық әуежайы "ашық аспан" режимінде жұмыс
істейді.  Мақсат - шетелдік туристерді түркі әлемінің рухани орталығына
көптеп тарту", - деді ведомствода.

Айта кетейік, әуежайдың жалпы ауданы 905,3 га, жолаушылар терминалының ауданы - 10,5 мың м2, ұшу-қону жолағының көлемі - 3 300х45 м, өткізу қабілеті - сағатына 450 жолаушы.

Талқылау