Атышулы АҚШ-тық блогер Тұрсын және Баян Алагөзовтердің шаңырағында қонақта болды

Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова Қазақстанның Туризм министрлігі “Мені ұмытып кетті” деп ренжіген Camperghini лақап атымен танымал америкалық саяхатшы-блогер Коннорды өз үйінде қонақ етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баян Алагөзова кездесуде түсірілген кадрларды әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Продюсердің сөзінше, блогердің өзі оның үйіне қонаққа баруға ниет білдірген.
“Ол біздің үйге қонаққа келуге өзі ниет білдірді, біздің үй қаланың көрікті орындарының біріне айналған сияқты”, – деп жазды продюсер.
Алагөзовтер отбасы америкалық блогерді киіз үйде қарсы алып, мол дастархан жайған. Коннорды KeshYou тобының қыздары ұлттық киіммен күтіп алып, ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Олар блогерге қазақтың ұлттық тағамдары – қымыз бен еттен дәм татқызып, шапан жапқан. Сондай-ақ қонақ домбыра тартып та көрді.
Баян Мақсатқызының анасы да камзол мен ұлттық көйлек киіп, салтанатты атмосфераға ерекше реңк берген. Бұған қоса, кездесуде Бейбіт Әлібеков пен дизайнер Аида Қауменова да бой көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға келген АҚШ-тық саяхатшы-блогер Camperghini желіде еліміздің Туризм министрлігі өзін шақырып, кейін мүлде қарсы алмағанын айтып шағымданғаны хабарланған еді. Оның айтуынша, ол мұнда ресми түрде шақырылған. Блогер апталап, айлап жоспар құрып, бәрін келіскенін, ал келген күні Туризм министрлігі оны “ұмытып кеткенін” алға тартты. Camperghini іске келгенде деңгей өте төмен болды деп бағалады.
Ал Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі блогердің Қазақстанға ресми түрде шақырылмағанын мәлімдеді.
“Ведомство шетелдік блогерлермен, туристік қауымдастықтармен және компаниялармен ақпараттық турлар аясында жұмыс істейді. Бірақ жеке адамдарды бөлек шақыру қарастырылмаған”, – деді ведомство.
Сондай-ақ "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы блогермен жеке хат алмасқанын, алайда келіссөздер нақты келісімге әкелмегенін алға тартты.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты
Оқыңыз