Тұрғынды басып қала жаздаған: Өскеменде мемлекеттік бағдарлама аясында жөндеуден өткен үйдің төбесі құлап кетті
Өскеменде үйдің төбесі жөндеу жұмыстарынан кейін құлап кеткен. Абырой болғанда, сол үйдің тұрғыны бірер минут бұрын жатын бөлмесінен шығып үлгеріпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Өскемендік Екатерина Матвеева баспанасыз қалды. Сөзінше, енді ол үйдің төбесін қайта қалпына келтіру үшін ақша төлеуге тура келеді. Себебі көп қабатты үй үш жыл бұрын тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты модернизациялау бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен.
“Адам өлмейінше, шара қабылданбайды. Мына үйдің төбесі үстіме құлағанда аман қалмайтыным анық. Енді, міне, бізге сапасыз жөндеу жұмыс жасағандары үшін қайта ақша төлеуіміз керек”, – дейді Екатериа Матвеева.
Тұрғындардың айтуынша, үй жөндеуден өткен соң, жіберілген кем-кетіктер бірден байқалған. Алайда мердігер ұйым өз қателіктерін түзеуге асықпаған.
“Барлығын сапасыз жасаған. Басқа бір адамды тауып, соған қол қойғызып алған”, – дейді Өскемен тұрғыны Евгения Келер.
Төбесі құлап кеткен үй 1949 жылдан бері жөндеуден өтпеген көрінеді. Үйді төтенше жағдайда тұр деп тану үшін тұрғындар әкімдікке жүгініпті, алайда шенеуніктер оларға мемлекеттік бағдарлама аясында жөндеу жұмыстарын жүргізуге кеңес берген. Мердігер ретінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты “ЖЭУ” ЖШС бекітілген.
“Біздің атқарған жұмыстарға байланысты тұрғындар сол күйі қол қоймады. Ал үйдің құлауына себеп болған дүние – шатырдан судың өтуі. Бұл мәселе жөндеу жұмыстары жасалмай тұрып болған”, – дейді мердігер ұйым өкілі Александр Ясинский.
Тұрғындар жағдайға байланысты сотқа жүгінген. Ал төбесі түсіп кеткен үйде тұратын Екатерина Матвеева өз мәселесін өзі шешуі керек.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
