Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындардың мал бағатын жері жоқ: Қазақстан Ресейге жалға берілген Капустин Яр полигонының жерін қайтара алмай жүр

Қазақстан Ресейге жалға берілген Капустин Яр полигонының жерлерін қайтаруға тырысуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: newtimes.kz

19 ақпанда Батыс Қазақстан облысындағы Ұялы ауылының маңынан апатқа ұшыраған ұшқышсыз ұшақ табылды. Ұялы ауылы Ресейдің баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізетін "Капустин Яр" әскери полигонынан шамамен 250 шақырым қашықтықта орналасқан.

Осы жағдайға байланысты Бөкейорда ауданының әкімдігі "Капустин Яр" әскери полигонының аумағын қысқартып, Ресейге жалға берілген жерлерді Қазақстанға қайтару туралы бірнеше рет ұсыныс жасағанын мәлімдеді. Алайда бұл мәселе әлі шешімін таппаған.

"Қазір өңірде жайылым мен шабындық жердің жетіспеуі өзекті мәселе болып отыр. Жер тапшылығы салдарынан жергілікті тұрғындар малды полигон аумағында бағуға мәжбүр, алайда онда ауыл шаруашылығы нысандарын салуға рұқсат жоқ. Кез келген ауыл шаруашылығы жұмыстары тек полигон басшылығының рұқсатымен ғана жүргізіледі. Әкімдік полигон аумағын қысқарту туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған, бірақ әзірге нәтиже жоқ", – делінген әкімдік хабарламасында. 


Семей полигонында радиациядан зардап шеккен қазақстандық Ресейге көшкеніне қуануда: Ол жақта әйелге қандай жеңілдіктер беріледі?


Ресейдің қорғаныс министрлігіне әскери полигон үшін жалға берілген жердің жалпы көлемі 943,6 мың гектарды құрайды, бұл аудан аумағының 49%-ына тең. Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бүгінде ауданда 562 шаруа қожалығы тіркелген, оның 43-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.

Жергілікті билік "полигонның жақын орналасуына байланысты халыққа қауіп төнген жағдайлар тіркелмегенін" мәлімдеді.

Ал "Капустин Яр" полигонына жақын тұратын тұрғындар ауылда туа біткен аурулар мен онкологиялық дерттердің пайда болуын зымыран сынақтарымен байланыстырады. Алайда Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы онкологиялық аурулардың өсуі тіркелмегенін мәлімдейді. 2021 жылы ауру деңгейі әр 100 мың адамға шаққанда 173,7 жағдайды (26 жағдай) құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 112,6-ға (16 жағдай) дейін төмендеген.

Дегенмен аудан әкімдігінің жауабында басқа сандар келтірілген. Аудандық аурухананың мәліметінше, 2023 жылы өңірде 31 онкологиялық ауру тіркелсе, 2024 жылы 16 жағдай анықталған. Бұл көрсеткіш екі есе азайғанымен, тұрғындар тарапынан әлі де сұрақтар туындап отыр.

Еске салсақ, 18 ақпанда Бөкейордасы ауданындағы дәл осы Ұялы ауылынан ұшқышсыз аппарат табылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау