Доха – Дублин бағытындағы ұшақтың 12 жолаушысы турбуленттікке байланысты жарақат алды
Дохадан Ирландия астанасы Дублинге бағыт алған Qatar Airways ұшағының бортында Түркиядағы турбулентті қозғалыс кезінде 12 адам зардап шекті деген хабар тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty images
Бұл соңғы аптадағы екінші ауыр турбулентті жағдай болып тіркелді. Осыдан бірнеше күн бұрын Сингапурға ұшатын ұшақтағы жолаушылардың бірі (73 жастағы британдық азамат) ауа қалтасына құлап қаза тапты. Сонымен қатар 100-ден аса адам ауыр жарақат алған еді.
Дохадан Дублинге рейс кезінде Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының алты жолаушысы мен осыншама экипаж мүшелері әртүрлі ауырлықтағы жарақат алды.
Оқиға бортсерік жолаушыларға тағам тарату кезінде болып, небәрі 20 секундқа созылған. Бұл туралы Дублин әуежайы хабарлады. Олардың айтуынша, әуе кемесі жерге өз уақытында қонған. Жарақат алған экипаж мүшелеріне жедел медициналық көмек көрсетілді. Әуе компаниясы оқиғаға қатысты зерттеу жүргізетінін мәлімдеді.
Еске салайық, Лондоннан Сингапурға ұшқан Singapore Airlines ұшағы қатты турбуленттілікке ұшырап, бір адам қаза тауып, бірнеше жолаушы жарақат алған еді. Әуе компаниясының мәліметіне сәйкес, Boeing 777-300ER ұшағы Бангкокке бағыт алып, жергілікті уақыт бойынша 15:45-те (GMT 08:00) қонды. SQ 321 рейсінің бортында 211 жолаушы мен 18 экипаж мүшесі болған.