Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түнде Талғар маңында қарулы қақтығыс болған: Полиция жағдайға пікір білдірді

Бүгін түнгі уақытта Талғар маңындағы Тұздыбастау ауылында атыс болды деген ақпарат тарады. Алматы облысының полициясы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты жоққа шығарғанымен, қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

“Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы дәмханалардың бірінің маңында атыс болды” деген әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Дәмханаға келушілердің арасында кикілжің туып, соңы жанжалға ұласқан”, – деп мәлімдеді облыстық полиция.

Ведомствоның мәліметінше, аймақты патрульдейтін экипаж шұғыл түрде жағдайды реттеген.

Жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілді. Полицияның мәліметінше, жанжал кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Талқылау