Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түнде күзет ұйымдастырылады": Көк-Төбедегі өрттен кейін қандай шаралар қолға алынды

Көк-Төбедегі өрттен кейін қандай шаралар қолға алынғаны туралы ішкі істер министрлігі айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Түнде күзет ұйымдастырылады

Алматыда бір күнде екі мәрте өрт шығып, тұрғындардың берекесін қашырған. Көк-Төбе баурайын өртке ораған тілсіз жау бір адамның өмірін алып кетті. Қазіргі таңда екі өртке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, оның шығу себебі анықталуда. Көк-Төбеде болған күндізгі өрт туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді. Оның сөзіне қарағанда 11 тамыз күні 14:30 шамасында орын алған оқиғадан 10 га көлеміндегі жер жанып кеткен. Қазіргі таңда өрт салдарынан көз жұмған адамның кім екені анықталуда.

"Алматы қаласы Медеу ауданында «Көк-төбе» тауының шығысында құрғақ шөптің өртенуі салдарынан 10 га көлемдегі өрт орын алды. ТЖК-нің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарымен және құтқару қызметінің құрылғыларымен шамамен 36 тонна су өрт сөндіруге жұмсалды. Өрт кешкі сағат 20.00-де толық сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД-нің 11 техникасы мен 60 қызметкері жұмыс жасады. Өртті сөндіру кезінде бір адамның денесі табылды. Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері азаматтың кім екенін, оның қалай мерт болғанын анықтап жатыр. Өлім себебін анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалған. Жарақат алғандар жоқ", - дейді Нұрділдә Ораз. 

Таңғы өрттен кейін ізін суытпай, осы аймақта тағы да өрт болған. Төтенше жағдайлар департаменті жедел жұмысқа кірісіп, көп ұзамай тілсіз жау ауыздықталды. Көк-Төбедегі өрттен кейін бірқатар шаралар қолға алынып, қалада төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда Алматыдағы төтенше жағдайлар үшін алдын ала тік ұшақ дайындалған.

"Сондай-ақ осы аймақта 11 тамыз күні сағат 20.15-те тағы бір дала өрті шықты. Өрт сөндіруге ТЖД, Полиция департаментінің, Алматы қаласының коммуналдық және инженерлік қызметтерінің жеке құрамынан 1500 қызметкер, сондай-ақ 70 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт 12 тамыз күні 00 сағат 02 минутта толық сөндірілді. Осы оқиғаларға байланысты Алматы қаласының әкімі сағат 22.24-те табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялады. Өрт орын алған орындарда түнгі уақытта ТЖД қызметкерлері күзет жұмыстарын ұйымдастыратын болады. ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы дайындалды", - дейді ішкі істер министрлігі. 

Талқылау