Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туған жерді түлетуге үлес қосқым келеді – Түркістандық кәсіпкер

Арман Торланбаев – Түркістан облысына қарасты Кентау қаласынан кофехана ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі. Бұған дейін бірнеше салада еңбек еткен кәсіпкер өзі тұратын өңірде жиі кездесе бермейтін кәсіп ретінде кофе жасау ісін таңдапты. Өз ісінің ерекшеліктері туралы ол Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі мейрамханалардың бірінде кофе жасау ісімен айналысқан оған жинаған тәжірибесі жеке іс бастағанда зор септігін тигізіпті. Сөзінше, “Бастау Бизнес”  жобасы туралы естіп, қатысып көруге бел байлапты.

“Сабақ барысында маркетингтің қыр-сырымен толығырақ таныстым. Сондай-ақ, кіріс-шығысты есептеудің тиімді тәсілдерін меңгердім. Осылайша туған жерімді түлету мақсатында “Бастау Бизнес” жобасының арқасында Кентауда кофехана аштым. Мемлекет тарапынан берілген 1 225 200 теңге көлеміндегі грант қаржысына кофе жасауға арналған арнайы машина сатып алдым. Сонымен қатар кофеханамызға қажетті құрал-жабдықтарды түгелдедім. Кәсібімді жүргізуге өзімнің тарапымнан да біраз қаржы жұмсауға тура келді. Бүгінде осы жолда төккен терім ақталып, ісіміз де өз жемісін беріп келеді”, – дейді кәсіпкер.

Коммерциялық бағыттағы ғимаратты жалға алып отырғандықтан оның ай сайынғы төлемақысы мен коммуналдық төлемдер бағасының біршама қымбаттығы аздап қиындық туғызып жатқанын айтып, ағынан ақтарылды кейіпкеріміз.

“Мұндай қиындықтың барлығы ісімізді жолға қойып алған соң артта қалатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Айлық табысым да көңілге қонымды”, – дейді ол.

Кофе жасау ісін арнайы курстар оқып меңгерген Арман Қайратұлы бүгінде өз ісінің шеберіне айналған.

“Кофені өз мөлшерімен ішетін болса, оның адам ағзасына тигізетін пайдасы зор. Оның құрамындағы кофеин мидың арнайы нейрондарын қозғалысқа келтіреді. Сонымен қатар, көңіл-күйдің көтерілуіне, жұмыс істеу қабілетінің артуына септігін тигізеді. Біз кофені “SUPREMO” атты түрінен әзірлейміз. Бір күнде 30 шынаяқтан аса кофе дайындаймыз. Бағасы 390-490 теңге көлемінде. “SUPREMO” – Колумбия, Гватемала және Бразилиядан алынған арабика бұршақтарының таңдаулы қоспасы. Карамель-шоколад және кремді кофеміздің дәмі оны татқан жандардың таңдайында ұзақ сақталары сөзсіз. Кофенің бұл түрі эспрессо мен американоны жасау үшін өте қолайлы”, – дейді Арман Торланбаев.

Жас кәсіпкер өз ісін жүргізіп, табыс табумен қатар, қала көлемінде демалу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Ол ашқан кофеханада кофе ішумен қатар, отандық фильмдерді көріп тынығуға, түрі семинарлар өткізіп бас қосуға мүмкіндік бар екен.

кофе

“Қазіргідей жаз айларында тұтынушылардың сұранысына сәйкес түрлі салқын сусындарды әзірлейміз. Сонымен қатар, өзіміздің фирмалық шайымызды да ұсынамыз. Мұнда келіп тынығушыларды дәмі тіл үйіретін балмұздақтарымыз да қатты қызықтырады. Сондай-ақ, шай әшуге арналған дәмді тәттілеріміз де халықтың сұранысына ие”, – деп Арман Қайратұлы шағын кофеханасындағы қызмет көрсету түрлерін атап көрсетті.

Арман Қайратұлы өзінің алға қойған жоспарларын орындау үшін тынымсыз тірлік етуде.

“Кофеханамызда бүгінде жұмыс қарқынды жүруде. Келесі жазда келушілерімізге таза ауада демалып отыруына жағдай жасасақ дейміз. Сонымен қатар, тек ересектерге ғана емес, балаларға да қызмет көрсетсек деген ойымыз бар. Ол үшін балаларға арналған табиғи дәмді сусындар дайындап ұсынбақпыз. Сонымен қатар балалар үшін қызықты мультфильмдер көрсетуді жоспарлап отырмыз”, – дейді жас кәсіпкер.

Бұған қоса ол қатарластарын мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырды. 

“Бастау Бизнес” жобасы – өзім қатарлы замандастарым үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен қолдау. Жас кезіңде, бойыңда күш-қайратың тасып тұрған кезде жеке кәсіп бастап кете алсаң, онда сенің бір биікті болсын бағындырғаның деп ойлаймын. Жас кезіңде кезіккен кедергілер де сенің жігеріңді жани алмайды. Керісінше әрбір қиындық – тәжірибе жинауға берілген үлкен мүмкіндік.

Мұндағы бар мақсат – мемлекет қолдауын иеленуде ғана емес. Жауапкершілікті сезіне отырып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Осы жоба аясында туған жерімді, туған қалам – Кентаудың дамуына аз да болсын үлес қоса алсам онда менің азаматтық борышымның өтелгені деп білемін. Өзім құралпы жастарды да осы жобаға қатысып, барлық күш-жігерлерімен жұмыс істеуге шақырамын. Біздің бағындырар белесіміз алда”, – дейді өз арманына адал еңбек, маңдай терімен жетіп келе жатқан Арман Торланбаев.

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау