Трампқа Қазақстаннан не керек және АҚШ біздің елге не бере алады?
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесу өткізді. Нәтижесінде екі ел басшысы 17 миллиард доллардан асатын келісімге қол қойды. Осы орайда Stan.kz АҚШ Қазақстанға инвестиция салу арқылы нені көздейтінін және неге еліміз Өзбекстаннан аз инвестициялық келісімге қол қойғанын мамандардан сұрап білді.
“АҚШ таза экономикалық мүддені көздеп отыр”
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ-тан инвестиция тарту бойынша бір-бірімен бәсекеге түспейді.
“Санмен айтылған ақпараттың шынайылығын, қисындылығын ой елегінен өткізу керек. 100 миллиард доллар бұл өте үлкен сома. Мысалы, Өзбекстанның Жалпы ішкі өнімінің өзі шамамен осы көлемде немесе одан да аз болуы мүмкін. Сондықтан, мұнда 100 миллиард доллар асыра айтылған болуы ықтимал. Бұл көп жылға созылатын келісімдер немесе тек жоспар, ниет деңгейіндегі меморандумдар болуы мүмкін. Біріншіден, 100 миллиард доллар тым үлкен сома. Екіншіден, Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ-тан инвестиция тарту бойынша бір-бірімен бәсекелеспейді”, – дейді саясаттанушы.
Саясаттанушының пікірінше, АҚШ бұған дейін Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстанға көбірек инвестиция салған, алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасады.
“Біріншіден, АҚШ Азиядағы басқа мемлекеттерге қарағанда Қазақстан экономикасына көбірек инвестиция салған. Екіншіден, алдағы жылдары да Қазақстанға инвестиция көлемі Азиядағы өзге елдерге қарағанда жоғары болады. Себебі қазір күн тәртібінде үш ірі жоба бойынша келісімдерді ұзарту мәселесі тұр: Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз. Соңғысының Chevron корпорациясы үшін маңызы жоғары. Сонымен бірге сирек кездесетін металдар мен басқа да пайдалы қазбаларды өндіру мәселесі, уран жеткізу тақырыбы бар. Демек, мұнда таза экономикалық мүдде бар. Қазір Қазақстанның артықшылығы айқын, яғни еліміздің ірі мұнай қорлары, кең территориясы бар. Онымен қоса логистикалық мүмкіндіктері жоғары, Қытай және Ресей секілді ірі көршілермен экономикалық байланысы жақсы. Сол себепті Қазақстан өзге елдерге қарағанда инвестицияны көбірек тартатыны анық”, – дейді Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, дәл қазір Америка Құрама штаттарына Қазақстаннан ресурстар қажет.
“Мұнда ең бастысы инвестициялардың нақты келуі. АҚШ-қа Қазақстаннан ресурстар керек. Ал Қазақстанға АҚШ-тан технология трансфері мен экономикада ұзақмерзімді өсім бере алатын бағыттарға нақты, нысаналы инвестициялар қажет. Біз дәл осы мәселелер бойынша қазір белсенді жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді саясаттанушы.
“Оларға Қазақстаннан сирек кездесетін металдар керек”
Ал экономист Айбар Олжайдың сөзінше, АҚШ үшін Қазақстанға инвестиция беру өте пайдалы. Себебі оларға сирек кездесетін металдар мен ірі мұнай қорлары қажет дейді маман.
“Бұған дейін 600 миллиард доллар инвестиция берген. Енді соңғы кездесуде 17 миллиард доллар. Оларға инвестиция беру өте пайдалы. Олар да жақсы пайда табады. Cебебі, біз АҚШ-қа аймақтағы транспорт пен магистральді, құрылыстағы сауда-саттық желілерін бақылау үшін қажетпіз. Сосын оларға Қазақстаннан сирек кездесетін металдар керек. АҚШ үшін біздің ел осы аймақтағы сенімді серіктес және шикізат базасы. Онымен қоса әлемдік сауда тізбектерінің белгілі бір кілті ретінде қарастырылады. Ал елімізге АҚШ-тан олардың жақсы ілтипаты мен инвестициясы, технологиясы керек”, – дейді экономист.
Экономистің сөзінше, Өзбекстан Америкаға енді ашылып жатыр. Ал Қазақстан АҚШ-пен 30 жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеді.
“Трамп Өзбекстанға инвестиция құймады, керісінше келісімшарт жасасты. Трамптың мақсаты Өзбекстанға Boeing ұшақтарын көбірек сату. Өзбекстан Boeing ұшақтарын 8,5-9 миллиард долларға сатып алады. Бұған дейін, Өзбекстан Америка Құрама штаттарына ашылмаған еді. Енді ашылып жатыр. Ал біздің ел 30 жылдан бері Америкамен тығыз жұмыс істеп келеді. Біз осы жылдар ішінде Америкамен арадағы жобалардың бәрін істеп, көрсетіп қойдық. Өзбекстан енді ұсынып жасап жатса, келісім шарт жасау потенциалы көп деген сөз. Ал біз бұған дейін барлық мүмкін жобаға Американы тарттық. Сондықтан екі елді салыстыруға келмейді”, – дейді экономист.
“17 миллиард долларлық келісім біздің елге жұмыс істейді”
Ал депутат Айдос Сарымның сөзінше, Қазақстан қол қойған 17 миллиард долларлық келісім өзімізге келіп жатқан инвестиция.
“Алдағы үш жылда Өзбекстан Американың экономикасына 35 миллиард доллар, ал 10 жылда 100 миллиард доллардан астам инвестиция салады” деген ақпарат айтылды. 135 миллиард долларлық келісім бір жылдық емес, ұзақ мерзімді. Ол жақтан ұшақ сатып аламыз дейді. Ал Қазақстан қол қойған 17 миллиард долларлық келісім бізге жұмыс істейтін, өзімізге келіп жатқан инвестиция”, – дейді депутат.
Сондай-ақ депутат бұл жерде мәселені сандармен емес, біздің елге қаншалықты жұмыс істейтінімен салыстыру керек дейді.
Айта кетейік, 5 қараша күні Қасым-Жомарт Тоқаев Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барған еді. Ал 6 қараша күні Тоқаев пен Трамп кездесіп, құны 17 миллиард доллардан асатын келісімге қол қойды. Кездесу кезінде Трамп Тоқаевты парасатты тұлға деп атап, Қазақстанға келуі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп пен Өзбекстанның мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев кездесіп, екі ел жалпы құны 100 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды.
"Соңы қуғын-сүргінге алып келеді": Белсенділер Қазақстан депутаттарының ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы шешіміне қарсы шықты