Сондай-ақ президенттің баспасөз қызметі бұл ақпаратты бұған дейін не себепті жария етілмегенін түсіндірді.
“Біз бұл мәлімдемені Дональд Трамп әкімшілігінің ресми мәлімдемесінен бұрын жария етуді этикаға жатпайды деп санадық. Алайда процесс өз бетінше жүре берд. Бәлкім, келісім қабылданғаннан кейін Бейбітшілік кеңесіне қосылуға келісім берген елдердің толық тізімі жарияланар”, – деп атап өтті Руслан Желдібай.
Айта кетейік, Трамп әкімшілігі Бейбітшілік кеңесіне мүше болған елдерден 1 миллиард доллар сұрап отыр. Ұйымның жарғы жобасына сәйкес, әрбір мүше мемлекеттің өкілеттік мерзімі жарғы күшіне енген сәттен бастап үш жылдан аспауы тиіс. Алайда көрсетілген соманы төлеген жағдайда бұл шектеу қолданылмайды.
Ақ үй 16 қаңтарда Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамын жариялады. Оның қатарына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер де бар.
