Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір топ өте бай адам": Трамп TikTok-ты сатып алғысы келетін адамды тапты

Фото: Chris Delmas/AFP/Getty Images

АҚШ Президенті Дональд Трамп TikTok әлеуметтік желісін сатып алуға ниетті адамды тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, “бір топ өте бай адам” тобы платформаны сатып алуға дайын. Бірақ ол олардың кім екенін айтқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Трамп бұл туралы шамамен екі аптадан кейін толығырақ айтып беруге уәде берді.

Оның айтуынша, бұл мәміле Қытай билігінің мақұлдауын қажет етуі ықтимал. Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өз келісімін беруі әбден мүмкін.

2024 жылдың сәуірінде АҚШ Конгресі қытайлық ByteDance компаниясын TikTok платформасын америкалық компанияға сатуға міндеттейтін заң қабылдаған еді. Олай болмаған жағдайда, әлеуметтік желі 2025 жылдың 19 қаңтарынан бастап АҚШ-та бұғатталуы тиіс еді. Трамп инаугурациясынан кейін компанияға салынған тыйымның күшіне енуін кейінге шегеретінін мәлімдеді. 19 маусымда ол ByteDance компаниясын платформаны сату жөніндегі заңды орындау мерзімін үшінші рет кейінге қалдырды. Енді келісім 17 қыркүйекке дейін жасалуы тиіс.

Заң шығарушылардың айтуынша, TikTok Қытай билігі талап етсе, америкалық қолданушылардың деректерін Қытай үкіметіне беруі мүмкін. Сондықтан бұл қосымша ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептеледі.

BBC мәліметінше, TikTok-ты сату туралы алдыңғы келісім биыл сәуір айында сәтсіз аяқталған еді. Бұл кезде Ақ үй Қытай мен басқа да елдерге қарсы тарифтік соғыс бастаған еді. Қазіргі сатып алушының бұған дейін мәміле жасаған адам ба, әлде бір топ па — әлі белгісіз.

Tik Tok иелері әлеуметтік желіні сату туралы заңның конституцияға сәйкестігін жоққа шығарып, АҚШ-тың жоғарғы сотына апелляция түсірген. Алайда олар сотта жеңіліп қалды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 11:26
Талқылау