Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Путинмен 15 тамызда Аляскада кездеспек

Путин мен ТрампФото: Chris McGrath / Getty Images)

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ресей басшысы Владимир Путинмен келіссөздер 2025 жылғы 15 тамызда Аляска штатында өтетінін мәлімдеді. Ол бұл кездесуді "көптен күткен" деп атап, толығырақ мәліметті кейін беретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндерді саммиттің саяси және практикалық аспектілерін пысықтауға арнайды.

“Бұл, шамасы, оңай процесс болмайды, бірақ біз бұл іспен белсенді әрі қарқынды айналысамыз”, – деді ол.

Ушаковтың сөзінше, келіссөздердің негізгі тақырыбы Украинадағы қақтығысты ұзақмерзімді реттеу болмақ. Аляскадағы кездесуден кейін Путинді АҚШ-та қабылдауы мүмкін, ал келесі саммитті Ресейде өткізу ұсынылған — тиісті шақыру да жолданған.

Апта басында Ақ үй Трамптың Ресей және Украина президенттерімен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ Трамп өзінің ойынша, Украина және Ресей көшбасшылары қатысатын үшжақты кездесу ұйымдастыруға "мүмкіндік бар" екенін жеткізді.

Бұл Путин мен АҚШ президентінің Швейцарияда өткен 2021 жылдың маусымынан кейінгі алғашқы кездесуі болмақ. Бұрынғы президент Джо Байден мен Ресей басшысыеың кездесуі Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне сегіз ай қалғанда өткен еді.

Трамп 8 тамыз жұма күнін Путин үшін соңғы мерзім ретінде белгілеген: осы уақытқа дейін Ресей басшысы атысты тоқтату туралы келісімге келуі тиіс, әйтпесе Ресей экономикасына бағытталған қатаң санкциялар енгізіледі. Бұл шаралар Ресеймен сауда жасайтын елдерге қарсы екінші деңгейлі санкцияларды қамтуы мүмкін.

Апта басында Трамп Үндістанға 50 пайыздық кедендік тариф енгізді. Мұның бір себебі — Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуы. Қосымша санкциялардың мәртебесі әзірге белгісіз.

Трамптың өкілі Стив Уиткофф сәрсенбі күні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен бірнеше сағат бойы келіссөз жүргізді. АҚШ президенті бұл кездесуді "өте жемісті" деп атады. Кейін Ақ үй мен Кремль Путин мен Трамп саммитін өткізуге қарсы емес екендерін мәлімдеді.

Айнұр Мұхади
Сенбі, 09 Тамыз, 2025 09:45
Талқылау
`