Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Путин мен Зеленскийдің Украина бойынша келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді

Трамп Путин мен Зеленскийдің Украина бойынша келісім жасауға дайын екенін мәлімдедіФото: thehill.com

21 қаңтар күні АҚШ президенті Дональд Трамп Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленский Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келісім жасауға дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Трамптың айтуынша, ол Путинмен сөйлесіп жүр және Ресей президенті мен Владимир Зеленский де келісімге келуге дайын. АҚШ президенті форумнан кейін Зеленскиймен кездесетінін айтты. Оның сөзінше, екі елдің президенті келесімге келетін уақытқа жетті. Егер мұны жасамаса екеуінің де ақымақ екенін айтып қалды.

“Меніңше, дәл қазір бас қосып, келісім жасайтын уақыт келді. Егер олар мұны істемесе, олар ақымақтар. Бұл екеуіне де қатысты. Ал мен олардың ақымақ емес екенін білемін. Бірақ егер бұл жүзеге аспаса, онда олар ақымақ болады. Мен ешкімді қорлағым келмейді, бірақ бұл келісімді жасаудың маңызы зор”, – деп мәлімдеді Ақ үй басшысы.

Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын “Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең сұмдық соғыс” деп атады.

“Егер ол жалғаса берсе, ауқымы жағынан одан да асып түсуі мүмкін. Қаза тапқандардың саны адам шошытады. Олар бұл туралы айтқысы келмейді. Украина да, Ресей де өте көп адамнан айырылды”, – деді ол.

Сонымен қатар Трамп Украинадағы бейбіт реттеу шараларын Еуропа елдері мен НАТО қабылдауы тиіс деп пікір білдірді. Себебі АҚШ бұл қақтығыстан алыс орналасқан және оған ешқандай қатысы жоқ.

“Мен бұл соғыспен бір жылдан бері айналысып келемін, осы уақыт ішінде сегіз өзге қақтығысты реттедім. Үндістан-Пәкістан, Армения-Әзербайжан және басқа да соғыстар”, – деді ол.

Трамптың айтуынша, екі елдің келісімге келуінен АҚШ ештеңе ұтып отырған жоқ.

“Бізге не тиді? Өлім, қирау және біздің көмегімізді бағаламайтын адамдарға кетіп жатқан орасан көп ақшадан басқа ештеңе жоқ.  Мен НАТО, Еуропа туралы айтып отырмын. Украинамен солар айналысуы керек, біз емес”, – деп атап өтті Трамп.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 08:57