Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп ядролық келіссөздер еш нәтиже бермеген соң Иранға әскери соққы жасауды жоспарлап отыр

Фото: Том Бреннер/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жаңа әрі ауқымды әскери соққы жасауы мүмкін екенін айтты. Оның мұндай әрекетке баруына Вашингтон мен Тегеран арасындағы Иранның ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымырандар өндірісін шектеу жөніндегі алдын ала келіссөздердің нәтиже бермеуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал Иран билігі АҚШ жасаған кез келген әскери соққыға бірден жауап қайтаратынын мәлімдеді. Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеидің негізгі кеңесшілерінің бірі шабуыл жасалған жағдайда Израиль нысанаға алынатынын ескертті.

Бұл АҚШ-тың Иранға қатысты ұстанымы жиі өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұған дейін Дональд Трамп Иранда жаппай наразылықтар күшейген кезде әскери шабуыл жасайтынын айтқан еді. Сол кезде қауіпсіздік күштерінің қатаң шарасы салдарынан жүздеген адам қаза тапқан.

28 қаңтар күні Трамп Truth Social желісінде Иранды “ядролық қаруы жоқ, әділ әрі тең келісім” бойынша келіссөз жүргізуге шақырды. Ол АҚШ-тың бұл жолы жасайтын соққысы былтыр жазда Иранның үш ядролық нысанына жасалған шабуылдан да ауыр болатынын ескертті.


Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыс: IndiGo рейстерді тоқтатты, Air India бағыттарды өзгертіп жатыр


Қазақстандық әуе компанияларының Иранның үстімен ұшуына тыйым салынды


Иранда екі күнде наразылыққа шыққан 30 мың адам қаза тапты


Шетелдік БАҚ мәліметінше, АҚШ қазір Иранға қарсы бірнеше нұсқа қарастырып отыр. Олардың ішінде Иран басшылығына, қауіпсіздік құрылымдарына, ядролық нысандар мен мемлекеттік мекемелерге әуе соққыларын жасау жоспарлары бар. Алайда Дональд Трамп әзірге нақты шешім қабылдамаған. Ол АҚШ-тың әуе кемесі тобының аймақта орналасуы әскери мүмкіндікті күшейткенін айтқан.

АҚШ-тың USS Abraham Lincoln әуе кемесі соққы тобы Үнді мұхитына кіріп, Иранға жақындап келеді. Бұл ықтимал әскери әрекеттерді қолдауға және аймақтағы одақтастарды Иранның жауап соққысынан қорғауға бағытталған.

Ай басында АҚШ пен Иран арасында байланыс болған еді. Келіссөздер омандық дипломаттар арқылы және Трамптың арнайы өкілі мен Иранның сыртқы істер министрі арасында жүргізілген. Алайда бетпе-бет кездесу өтпеген, маңызды тікелей келіссөздер де болмаған.

АҚШ барлау мәліметіне сәйкес, Иран ядролық нысандарын жер астына көшіруге тырысып жатыр. Ел уран байытуды тоқтатудан бас тартқан. Сонымен қатар Иран БҰҰ-ның ядролық бақылау органына тексеру жүргізуге рұқсат бермей отыр.

АҚШ Иранмен келіссөз бастау үшін бірқатар талап қойып отыр. Олардың қатарында уран байытуды толық тоқтату, баллистикалық зымыран бағдарламасын шектеу және өңірдегі одақтас топтарды қолдаудан бас тарту бар. Ең даулы талап зымырандардың ұшу қашықтығын қысқарту. Иран бұған келіспей, тек ядролық бағдарламаны талқылауға дайын екенін мәлімдеген. Соның салдарынан тараптар келісімге келе алмай отыр.

Соған қарамастан, АҚШ билігі келіссөздерге әлі де дайын екенін айтады. Америкалық шенеуніктің сөзінше, егер Иран қойылған шарттарды естісе және байланысқа шықса, АҚШ сөйлесуге қарсы емес.

Осы уақытта АҚШ аймақтағы әскери дайындықты күшейтіп жатыр. Қосымша Patriot әуе шабуылына қарсы жүйелері жеткізіліп, THAAD зымыранға қарсы кешендерін орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге АҚШ Әуе күштері Таяу Шығыста бірнеше күнге созылатын әскери жаттығулар өткізбек.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи ел қарулы күштері кез келген шабуылға бірден және қатаң жауап беруге дайын екенін айтты. Ал Иранның жоғарғы басшылығының кеңесшісі Әли Шамхани кез келген әскери әрекет соғыстың басталуына себеп болатынын ескертті.

“Иран билігі әлсіз, қарсы соққы беруі екіталай”

Фото: Фатеме Бахрами/Anadolu/Getty Images

АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иран билігі қазір әлсіз күйде тұр. Бұған өткен жылы АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандары мен оған жақын күштерге жасаған соққылары, осы айдың басында елде басталған жаппай наразылықтар әсер еткен. Бұл мәліметтер АҚШ президенті Дональд Трампқа жеткізілген.

Жақында Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи биліктен кетуі керек екенін меңзеді. 

“Иранға жаңа басшы іздейтін уақыт келді”, – деді ол Politico басылымына берген сұхбатында.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Иран режимі “қазір бұрынғыдан да әлсіз” екенін айтты. Алайда барлау деректерін білетін дереккөздердің айтуынша, Хаменеи биліктен кетсе де, режим бірден құлап кетеді деп айту қиын. Себебі оны алмастыратын адамдар да қатаң көзқараста болуы мүмкін.

Рубионың айтуынша, егер Хаменеи кетсе, билікті кім алатыны белгісіз. Соған қарамастан, Трамп Иранның жағдайына қатысты неше түрлі нұсқа қарастырып отыр. Оның мақсаты Иранға АҚШ талаптарын қабылдауға мәжбүрлейтін қысқа әрі шешуші соққы жасау. Егер әскери операция басталса, Трамп тез арада ел билігін өз қолына алғысы келеді.

Дегенмен сарапшылар Иранға соққы беру Венесуэладағы жасырын операциямен салыстырғанда әлдеқайда қиын екенін айтады. Иранда әуе қорғаныс жүйелері, баллистикалық зымырандар, соққы жасайтын дрондар бар. Сонымен қатар елде ескі болса да, соғыста сыналған ұшақтар қолданылады. Оның үстіне Тегеран жағалаудан алыс орналасқан, бұл да әскери операцияны қиындатады.

АҚШ бұған дейін Венесуэлада билік ауысуы үшін алдын ала келіссөздер жүргізген. Ал Иранға қатысты ондай байланыстар болмаған.

Марко Рубио Ирандағы жағдай “өте күрделі” екенін мойындады. Оның айтуынша, бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйе, сондықтан кез келген шешім аса мұқият ойластырылуы керек.

Сонымен қатар АҚШ-тың негізгі одақтастары Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері өз аумағы мен әуе кеңістігін Иранға қарсы операция үшін пайдалануға рұқсат бермейтінін мәлімдеді. Бұл Парсы шығанағы елдері мен Түркияның соғыс қаупіне алаңдап отырғанын көрсетеді.

Сарапшылардың айтуынша, егер қандай да бір ел өз әуе кеңістігін АҚШ-қа берсе, ол Иран үшін заңды нысанаға айналуы мүмкін.

Иранның көшбасшысын нысанаға алу да өте қиын. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац маусымдағы қақтығыс кезінде Хаменеиге қастандық жасағысы келгенмен, оған соққы жасау мүмкін болмағанын мойындаған. Себебі Хаменеи жер астына жасырынып, өзге адамдармен байланысын үзген.

Осылайша, Иран билігі әлсірегенімен, оны бір соққымен құлату өте күрделі әрі үлкен қауіптерге толы екені айтылып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырып, қарсы жағдайда бұрынғыдан да ауқымды әскери соққы жасалатынын ескерткен еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 16:17