"Трактордың астына түсемін": Қызылордада әкімдік үйі мен жерін тартып алған тұрғындар қарсылық білдіруде
Қызылордада он бір отбасы далада қалғалы тұр. Өйткені азаматтардың үйлері салынған жерді әкімдік өкілдері мемлекет мұқтажы үшін тартып алмақ. Бірақ көпшілік өтемақы төленбесе, не жаңа баспана берілмесе ешқайда кетпейміз деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.
Тұрғындар әкімдік бізді бірнеше жылдан бері тұрып келген баспанамыздан айырмақ деп ашулы. Өйткені қаланың сол жағалауындағы үйлері орналасқан жер телімдері мемлекет мұқтажы үшін алыну керек болған. Тіпті кейбіріміздің үйімізді сүріп тастауға сот арқылы шешім шығарып қойған дейді олар. Бірақ оның орнына әкімдік басқа баспана бермейтін болды деп қынжылады тұрғындар.
"Баста бұл жерде 33 үй отырғанбыз. Оның 23-і Нәлібаев әкім болған кезде өтемақы алып үлгерді. Енді Қазантаев әкім болып келіп, бізді сотқа беріп, үйлеріңді босатыңдар деп жатыр. Ешқандай көмек берілмейді дегенді айтады", – дейді тұрғын Алтынай Накипова.
Барар жер, басар тауы қалмаған он бір отбасы кімнен көмек сұрарларын білмей жыларман күйге түскен. Олар тіпті өз үйлерін трактордың астына жатып қорғауға дайын екендігін алға тартады. Ал әкімдіктегілер бұл тұрғындардың баспанасы өз меншіктерінде емес, құжаттары жоқ дейді. Сондықтан оларға өтемақы төленбейді деп отыр.
- "Жұмысқа бара жатып, туыстарыммен қоштасып кетемін": Өрт сөндірушілер аз жалақы мен жұмыстағы қиындықтарына шағымдануда
- "Атырау алаяқтарды асырап отыр": Футбол жанкүйерлері сырттан келген ойыншылардың сылбыр ойынынан шаршадық деп шу шығарды
"11 отбасының құжаттары жоқтығына қарамастан қала әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерден көмек сұралып жатыр. Көшіруге көмек сұрап жатырмыз. Осы тұрғындарға Ақжарма ауылынынан жер учаскелері берілген", – деп мәлімдеді Қызылорда қалалық жер қатынастар бөлімінің сектор меңгерушісі Ғанибек Омаров.
Кәсіпкерлер тарапынан көмек қашан болатыны белгісіз. Ал әкімдіктегілер сот шешіміне сәйкес он бір отбасы тез арада үйлерін босату керек дейді. Бірақ бірнеше жылдан бері тұрып келе жатқан баспаналарынан айырылып, далада қалғалы тұрған жандар көмек берілмей ешқайда көшпейміз деп бекінген.