"Тозақ орнайды": Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашып, келісімге келуге 48 сағат уақыт берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға келісімге келіп, Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берді. Келіспеген жағдайда елде тозақ орнайтынын айтып, қорқытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Естеріңізде ме, мен Иранға келісімге келу немесе Ормуз бұғазын ашу үшін он күн уақыт бердім. Уақыт өтіп барады – 48 сағаттан кейін олар үшін нағыз тозақ орнайды”, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Тегеран ультиматумды қабылдаудан бас тартып, АҚШ президентінің өзін “тозақтың түбіне жіберетінін” мәлімдеді.
“Иран сені және сенің әскеріңді тікелей тозақтың түбіне жібереді – сендерге лайық орын сол”, – деп жазды Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрахим Азизи Х әлеуметтік желісінде.
Ал Иранның жоғары әскери қолбасшылығының өкілі, генерал Әли Абдоллахи Алиабади АҚШ президентін агрессивті және соғысқұмар деп сынап, бірнеше сәтсіздіктен кейін дәрменсіз, жүйкесі жұқарған ол орынсыз Иранның инфрақұрылымы мен активтерімен қоқан-лоқы жасағанын айтты.
- Трамп Иранмен соғыс жақын арада аяқталатынын мәлімдеді
- "АҚШ-тың құрлықтағы әскері аймаққа келген": Трамп Иранның мұнайын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді
Сондай-ақ Алиабади АҚШ тағы да соққылар жасаса, олар үшін “тозақтың қақпасы ашылатынын” айтты.
22 наурызға қараған түні Трамп Тегеранға бұған дейін де 48 сағаттық ультиматум қойды. Сол кезде ол Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастауды талап етіп, бұл орындалмаса, АҚШ әскері Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасайтынын ескерткен. Кейін Ақ үй басшысы Иранмен келіссөздерге сілтеме жасап, ультиматум мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген.