Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Toyota-ның Қазақстандағы ресми дилеріне 88 миллион теңге айыппұл салынды

Toyota Tsusho бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 88 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Алматыдағы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Toyota Tsusho Kazakhstan Auto" ЖШС-нің "үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану" белгілері бойынша Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес тергеу жүргізді.

"Тергеп-тексеру барысында 2020-2021 жылдары "Toyota Tsusho Kazakhstan Auto" ЖШС-і сатылған автокөліктердің 82%-дан астамына қосымша жабдық орнатумен жүзеге асырылғаны анықталды. Бұл жабдықтың құны 3 миллион теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттар бойынша үстеме баға 200%-дан асып кеткен. Осылайша, жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде ұсыну тәжірибесі  қалыптасқан. Тергеу нәтижелері компания тарапынан дауға ұласқанымен, 2024 жылдың соңында Жоғарғы сот департаменттің тергеуін заңды деп таныды", – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Алматыдағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында да іс қаралды.

"Соттың қаулысымен жаңа жеңіл автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп ұсыну фактілері бойынша компанияға монополистік қызметтен түскен табыс (пайда) көлемінің 5%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ақшалай түрде айыппұл сомасы 88 миллион теңге болды. Бірінші инстанция сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ", – делінген ауданаралық соттың мәлімдемесінде. 



Еске салайық, бұған дейін алматылық ер адам электромобиль сатып алған соң ақау шығып, салоннан 48 миллион теңге өндіріп алғанын жаздық. Бастапқыда ол ақауды жоюды сұрағанымен орталық келіспей, ақшаны қайтармай қойған. Соңында тұрғын тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне жүгінуге мәжбүр болған. Жәбірленуші автосалонға бірнеше рет барып, келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ орталық бас тартқан. Тек мемлекеттік органдардың араласуынан кейін мәселе шешімін тапқан. Осылайша ол Алматыдағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, шығынды өндіріп алды.

Талқылау