Тойхананың ақысына ақшасы жетпеген жігітті қалыңдығы сол жерде тастап кетті
Алматы қаласының тұрғыны Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
Жасы жиырма беске келген Аруна (есімі өзгертілген) өзінен үш жас үлкен жігітке тұрмысқа шығып, екі айдан кейін-ақ ажырасып кетуінің себебін айтты.
«Ол жігіт оқыған, жұмыс істейді. Жасы болса отызға таяп қалды. Екі ай бұрын ата-анам бар жасауымды тиеп, сәнімен-салтанатымен ұзатып жіберді. Күйеуімнің үйіне келіп тұрған кезде барып бар шындыққа көзім жетті. Ата-анасы баласын кінәлайды, күйеуімнің ағаларында бірлік жоқ.
Мен төркінімнен ұялғаннан үйде болып жатқан сұмдықты жасырумен болдым. Сөздің қысқасы құдаларды күтіп алуға ақша жоқ, той жасауға ақша жоқ. Өзімде бардың барлығын ортаға салдым. Жасаумен келген алтындарымды саттым. Сонда да ол ақша ештеңеге жетпеді. Той ырду-дырдумен өтті.
Ата-анамның жүрегі ауырмасын деп өтірік жымиып жүруге тура келді. Той біткен кезде мейрамхананың әкімшісі қалған ақшаны төлемесе мені жібермейтіндерін айтты. Мұндай масқараны жасырып қалу мүмкін болмады.
Өзімнің ата-анам, бауырларым бәрін білген кезде не айтатындарын білмей қалды. Ал атам мен енем болса қонақ адамдар сияқты тойханадан шығып кетіп қалды»,-деп есіне алады жарты жыл бұрын болған оқиғаны.
Осы кезде Аруна анасына осыған дейін үйінде болған бар шындықты жайып салған.
«Әкем мен анама барлық жағдайды айттым. Әкем бірден «жалғыз қызымды барған жері қор қылатын болды» деп ойланып отырып қалды. Содан ойланып тұрып жарты сағаттың ішінде «мәселе күрделенбей тұрғанда үйіңе қайтағой» деді әкем.
Мен де осы дұрыс шығар деп кетуге бел будым. Ренжитінім күйеуім осының барлығын ойластырмай жатып неге үйленуге асықты екен. Соны түсіне алмай қойдым. Қазір сол оқиға түсім сияқты. Өкініштісі анам мен әкемнің көңіліне қаяу түсті, қаншама уақыт уайымдаумен болды»,-дейді бойжеткен.
Қазір Аруна «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға түскен. «Өткенімді ұмытып, білімімді жетілдіру үшін осындай шешім қабылдадым. Әрі алдағы уақытта өзімді сүйетін, жағдайымды жасайтын адамды кездестіремін деген ойдамын. Әрине күйеуім болған жігітті ұнатып тұрмысқа шыққан едім.
Бірақ махаббат деген отбасылық мәселелердің алдында жолда қалады екен. Онымен бір отбасы болып қалу үшін болашағыма сенбедім. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді гой. Ол тіпті ел қатарлы үйлене алмады, қалай үй болып кетеміз?
Оның үстіне мен басын алып жүре алмайтын адам үшін өмір бойы уайымдап, сүйреп өзімді жоғалтқым келмеді. Ең дұрысы өзімді сыйлап, болашақта сыйлап өтетін адамды тапқан дұрыс деп шештім»,-дейді бойжеткен.
Аруна басынан өткен бұл жағдайға алғашында қайғырғанымен, қазір еш өкінбейтінін айтады.
Оқи отырыңыз:
ШҚО-да желіге әдепсіз суреттерін жариялаған шенеуніктер жазаланды (фото)
Алматылық бала көрші аулалардағы шашылған қоқыстарды жинап жүр (фото)
Шымкентте 3 жасар бала ашық жатқан сым тоғына түсіп, қолын тұтас күйдіріп алды
Тоңазытқыштан табылған егіздердің ағасының әрі қарайғы тағдыры белгілі болды