"Тойып секіргендер": "Салық төлемегендердің" тізіміне ілінген қазақстандық кәсіпкерлер мен блогерлердің өзі не дейді
Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде блогерлер мен контент жасаушыларға салық салу тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздегі барлық азамат салық төлеуге міндетті екенін және блогерлерге арнайы қысым жасалып жатпағанын түсіндірді. Дегенмен Сырымбек Тау, Абылайхан Камаладин, Дана Есеева және Ринат Балғабаев секілді көпке белгілі тұлғалар мұнымен келіспейді. Бұған байланысты Stan.kz тілшісі толығырақ зерттеп көрді.
Фото: Stan.kz
“Жұмысты азаматтардың шағымдары негізінде бастадық”
Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың сөзінше, бұл тексерістер азаматтардың көптеген шағымы негізінде басталған. Кей азаматтар блогерлердің "табысты жетістікте" өмір сүретінін көріп, олардың табыс көздері мен салық төлеуі туралы сұраған.
"Біз бұл жұмысты азаматтардың шағымдары негізінде бастадық. Бізге көптеген адам блогерлердің сәнді өмір сүріп, салық төлемейтінін айтып, тексеру жүргізуді сұрады. Олар қымбат көліктерге мініп, қымбат үйлерде тұрады. Азаматтар олар қанша салық төлейтінін білгісі келеді. Барлық кіріс пен шығыс электронды шот-фактуралар, кедендік декларациялар және басқа да ресми дереккөздер арқылы талданған", – деді комитет өкілі.
Сонымен қатар комитет өкілдері бұл тексеріс 2022-2023 жылдардағы мәліметтерді талдау негізінде жүргізілгенін айтты. Блогерлердің кейбірі мүлде салықтың есебін бермеген. Ал кейбіреуі нөлдік кіріс көрсеткен. Сол себепті кірістер мен шығыстар арасындағы айырмашылықтарды зерттеу нәтижесінде қарыздар анықталған.
"Біз барлық азаматты бірдей салық төлеуге міндеттіміз. Бұл жерде блогерлерге арнайы қысым көрсетіліп отырған жоқ", – деп мәлімдеді комитет өкілі.
Алайда блогерлердің өздері бұл тізімге әлдеқайда көп адамның кіргенін айтады. Әлеуметтік желілерде өздерінің таңданысын, күйзелісін білдіріп. Мұндай салықтық талаптардың қалай қалыптасқанын түсінбей жатқандарын айтты.
“Болашақта бәрінің Kaspi-дегі шотына салық салу жүйесін енгізуді көздеп отырған шығар…”
Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау салық туралы жарияланған 31 адамның қатарына өзінің енгеніне таңданған. Кәсіпкер өзінің қатысы бар компанияларға кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген.
“Ал “114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді” немесе "блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты" деген ақпарат мүлде түсініксіз. Бұл мәселеге қатысты есепшім барлық құжатты мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға байланысты мән-жайды анықтайды. Естеріңізде болса, туған күнімде ешқандай сыйлық қабылдамай, "Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына көмектесейік" деген бастама көтерген едім. Нәтижесінде 77 миллион теңге жиналып, оның үстіне өз қаражатымнан қомақты үлес қосып, орталыққа бердік. Қазірге дейін сол орталықтың шығынын өз мойныма алып келемін. Бүгінде ай сайын 300-ден астам бала тегін ем қабылдайды”, – деді Сырымбек Тау.
Фото: Stan.kz
Сырымбек Таудың сөзінше, егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізе беретін болса, онда әр Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін.
“Бұл жағдай сіздің де басыңызға түсуі ғажап емес. Сол себепті кіріс-шығысыңызды есептеп, қадағалап жүргеніңіз дұрыс. Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін! Құдайға шүкір, өз кәсібім бар, табысым өзіме жеткілікті азаматпын. Мен ешқашан табысымды жасырған емеспін. Кәсіпкерлердің қанша салық төлегенін арнайы порталдан көруге болады. Сол жерге кіріп, менің атымдағы компанияларды іздесеңіздер, бәрі ашық түрде көрінеді. Биылдың өзінде 10 миллиард теңгеден аса салық төлеппіз. Сонда 10 миллиард теңге салық төлеп отырып, 10 миллион теңге салықты жасыру ақылға қонымсыз емес пе? Менің ойымша, біз сияқты кәсіпкерлерді тізімге қосып, халықтың реакциясын тексеріп жатыр. Егер қоғам дұрыс қабылдаса, болашақта бәрінің Kaspi-дегі шотына салық салу жүйесін енгізуді көздеп отырған шығар…” – деді Сырымбек Тау.
"Салықтан жалтарушылар" тізіміне енетінімді күтіп жүрдім"
PR-кеңесші, документалист Ринат Балғабаев блогерлердің табысы туралы шу нағыз шеберлікпен ойластырылған назар аударту әдісі болғанын айтады. Оның сөзінше, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен бағаның өсуі емес, "миллиардтаған" табыс тапқан блогерлер басты тақырыпқа айналды дейді Ринат Балғабаев.
"Тізімдегі миллиардер блогерлердің ішіндегі ең кедейі болып шыққаныма ұялып отырмын. Салық органынан сандарды ойдан алған екен, енді маған да біраз қосып беруді сұрасам ба деп тұрмын. Блогерлерді салықпен қорқыту идеясын ойлап тапқан адам – данышпан. Мұны PR маманы ретінде айтып отырмын. Енді бәрі жақында қосылатын ҚҚС пен бағаның шарықтауын емес, "тойып секірген" блогерлердің мифтік миллиардтарын талқылап отыр. Дәл осылай болуы керек еді! Әсіресе өз пікірі бар адамдарды осылай сілкіп қойған өте тиімді тәсіл. Басқалар үшін жауап бермеймін. Өз басым 2015 жылдан бері салықты тиынына дейін төлеп келемін, ал жарнаманы оны ешкім талап етпей тұрып-ақ белгілей бастағанмын. Жазбаларым қандай екенін ескерсек, мен жаяу жүргінші жолағынан тыс жерден өтпейтін адаммын", – деді Ринат Балғабаев.
Фото: Stan.kz
Ринат Балғабаев өмірінде айыппұл төлемегенін және ешқайсысының мерзімін өткізіп алмағанын алға тартады. Документалист өзінің заңды қатты құрметтейтінін жеткізді.
"Негізгі табысым – PR-консультациялар мен Instagram-дағы жарнама. Әрбір жарнамалық жазбаның ақшасы тек заңды есепшотқа аударылады, оның салығы төленген. Осы табысымның арқасында маған маңызды деректі фильмдер түсіруге мүмкіндік туды. Бұған өз қаражатымды жұмсадым. Мемлекеттен бір тиын алған емеспін. Тіпті жеке компаниялардың демеушілік қаржылары да ресми рәсімделіп, салығы төленді. Люкс өмір сүрмеймін. Менде байлық, жылжымайтын мүлік, қымбат көлік жоқ. Бар жиғаным – фильмдеріме кеткен. Жалғыз құндылығым – менің адал атым, бұл кейбіреулерді қатты ашуландыратыны рас. Сондықтан менің де осы "салықтан жалтарушылар" тізіміне енетінімді күтіп жүрдім", – деп қынжылды Ринат Балғабаев.
"Шенеуніктердің, судьялардың, банкротқа ұшыраған ұлттық компания басшыларының есепшоттарын да тексерсе ғой"
Осы ретте бізге белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да салық төлемеген блогерлердің тізімі жарияланып, не себепті оның да аты аталғанына жауап берді.
"Бірақ салыстырмалы түрде аз сома көрсетілген. 2022 жыл үшін шамамен 10 миллион теңге, 2023 жыл үшін тағы 10 миллион теңге, жалпы алғанда 20 миллион теңге. Басқалар туралы ешнәрсе айта алмаймын. Алайда өз жағдайымды салық органынан анықтап алдым. Мен не себепті бұл тізімге ендім? Сөйтсем, мені блогерлер қатарына қосқан себебі – Facebook, Instagram және YouTube-те көп оқырманым бар екен. Олар мені жасырын жарнама жасап, салық төлемей жүр деп күдіктеніп, барлық жеке банктік карталарымдағы қаржы айналымын тексеруге сұраныс жіберген", – деп жауап берді Мұхтар Тайжан.
Фото: Stan.kz
Мұхтар Тайжанның барлық қаржы айналымыма қол жеткізгеннен кейін, салық органдары бұл қаражаттың бәрін жарнамалық қызметтері үшін төленген табыс деп есептеген. Сөйтіп салық төлеуі керек деген шот шығарған.
“Десе де бұл айналымдардың ішінде бірде-бір заңды тұлғадан түскен төлем жоқ. Бәрі – жеке аударымдар: отбасылық қаражат, менің басқа банктегі жеке шоттарымнан аударған ақшам, депозиттерімнен алынған қаражат, банкоматтардан қолма-қол толықтырулар және тағы басқа. Алайда салықшылар мұның бәрін жарнамадан түскен табыс ретінде көрсетіп, салық салынатын кіріс деп қабылдаған. Бұл тексеруге сабырмен қарап отырмын, тіпті бұл туралы жазу да ойымда болмаған. Өйткені салық тексерісінен бірінші рет өтіп отырған жоқпын. Мұндай ұқыптылықпен салықшылар шенеуніктердің, судьялардың, банкротқа ұшыраған ұлттық компания басшыларының есепшоттарын да тексерсе ғой”, – деп түсіндірді Мұхтар Тайжан.
"Бәрінің қате екенін дәлелдей алатыныма сенімдімін"
Ал салық төлемегендердің ішінде он екінші болып тұрған қазақстандық медиа менеджер және Kamalladin Media негізін қалаушы Абылайхан Камаладин өзіне 209 332 848 теңге көлемінде хабарлама келгенін жасырмады. Дегенмен қазір Абылайханның заңгерлері барлық есепшотты мұқият тексеріп жатқанын мәлімдеді.
"Комитет жіберген хабарламадағы сома осында. Бірақ бұл – жеке деректердің таралуы әрі мұны дұрыс емес дер едім. Заңгерлер мен аудиторлар бұл мәселемен айналысып жатыр. Бәрінің қате екенін дәлелдей алатыныма сенімдімін. Жалпы, бұл жерде толықтыратын ештеңе жоқ дерлік. Неге десеңіз, мұнда құжаттармен көбірек жұмыс істеу керек. Әр аударманы, әр төлемді түсіндіріп шығу қажет, яғни мен не үшін ақша алғанымды көрсетуім керек. Менің ойымша, жұмыс негізінен дұрыс жүргізілген, бірақ бұл – қаралатын сұрақ және мен мұнда ешқандай жаман нәрсе көріп тұрған жоқпын", – деді Абылайхан Камаладин.
Фото: Stan.kz
Алайда медиа менеджер өзіне бірнәрсе ұнамағанын атап өтті. Оның айтуынша, біреу тізімді жеке мүддесі үшін таратып жіберген сияқты.
"Бұны қалыпты тәжірибе деп есептеймін. Егер мұқият қарасаңыз, түрлі мемлекеттік сайттар арқылы ақпаратты тексеруге болады. Менде "Камаладин Медиа" ЖШС бар. Біз тек қосымша құн салығы (ҚҚС) ретінде 100 миллион теңгеден астам салық төлейміз. Жалақы салығын, штат шығындарын айтпай-ақ қояйын. Сондықтан бәріне бәрін бірден түсіндіріп беру мүмкін емес. Себебі бұл жерде тек салық органдарымен нақты жұмыс істеу керек", – деп шағымданды Абылайхан Камаладин.
"Жігіттер, сақ болыңдар, қарапайым болыңдар" деп ескерткен
PR менеджер, блогер Әлішер Елікбаевқа 5 миллион теңге көлемінде салық қарызы туралы түбіртек келген. Қоғам белсендісінің сөзінше, көптеген әріптесі әзірге бұл туралы пікір білдіруден бас тартып, жағдайды бақылап отыр.
Фото: Stan.kz
Әлішер Елікбаев алғашқы ескерту бір керемет той өткен кезде келгенін еске алды. Блогер сол кезде-ақ қымбат көліктермен жүретін, ресейлік жұлдыздарды шақырып, оларды аспаннан түсіріп, той жасайтын гламур блогерлерді қадағалап отырмайтынын айтқан.
“Өткен жылдың соңында бір супер-шаңырақ той өткенін естідім. Бұл той ел басшылығын ашуландырған. Сондықтан олар "Мыналарды түгел тексеріңдер, тым шектен шығып барады" деп тапсырма берген. Өкінішке қарай, дәл қазір бұл кімнің тойы болғанын есіме түсіре алмаймын. Бірақ сол тойдан кейін бізге бірден қоңырау шалып "Жігіттер, сақ болыңдар, қарапайым болыңдар" деп ескерткен. Бәлкім, біз Ресейдің ізімен келе жатқан шығармыз. Өйткені бір жыл бұрын олар Блиновская, Аяз Шабутдинов, Лерчек сияқты блогерлерге салық органдары арқылы қысым жасаған. Біз де соларды қайталап, "шетелдік агенттер туралы заңды" енгізуге тырысып жатқандаймыз. Менің ойымша, блогерлер салық органдарынан келген ескертулерге бірлесіп, ортақ жауап қайтармайды. Өйткені бұл туралы ашық сөйлеп жүрген жалғыз мен ғана. Қалғандарының бәрі – жас жігіттер. Оларға 300-400 миллион теңге көлемінде кіріс түсті деп есептелген. Сондықтан олар қатты қорқып отыр. Олар мұны мемлекет тарапынан қысым деп қабылдап, тыныш жүруге тырысып жатыр. Мен болсам, қатты қорықпаймын, себебі маған небәрі 5 миллион теңге есептелді. Бірақ, егер маған да 300 миллион теңге салық есептегенде, мен де түсініктеме беруден сескенер едім”, – деді Әлішер Елікбаев.
Әлішер Елікбаевтың пікірінше, комитет адамдардың барлық қаржы айналымын қарап, өз картаңнан өзіңе жасаған аударымдарды кіріс деп есептеген.
“Егер депозиттен ақша шешіп алсаң, оны да табыс деп көрсеткен. Бірақ депозиттен алынған ақша қалайша табыс бола алады? Бұл сансыз сандар қайдан шыққан?”, – деп ашуланды Әлішер Елікбаев.
“Сандар шындыққа жанаспайды”
Бұдан бөлек кәсіпкер, блогер, оқу орталығының негізін қалаушы Дана Есеева да салық органынан цифрлардың түсіндірмесін алу керек екенін айтады.
Фото: Stan.kz
“Алдымен маған салық органынан цифрлардың түсіндірмесін алу керек және оның қандай сома екенін түсіну қажет деп ойлаймын. Содан кейін ғана пікір білдіруге болады. Қазір сіздің сұрақтарыңызға нақты жауап жоқ”, – деді Дана Есеева.
Бұл тізімге Дана Есееваның құрбысы әрі актриса Жәния Джуринская ілінген. Актриса тізімдегі сома шындыққа жанаспайтынын айтып берді.
“Неге блогерлер? Себебі біздің мысалымыз арқылы сіздер салықтың қаншалықты маңызды екенін, мұның жауапты нәрсе екенін түсінесіздер. Бәрі жақсы болады. Дұрыс, әркім салық төлеуі керек, бірақ кейбір сандар шындыққа жанаспайды. Сондықтан алдағы күндері есеп тапсырып, бәрін дәлелдейміз. Бұл бәріңізге қатысты, құрметтім. Қазірдің өзінде 2022/2023 жылдардан бастап барлық банктерден үзінді көшірмелерді шығарып, сіз немесе сіздің бухгалтеріңіз нені жіберіп алғанын қарап шығыңыздар”, – деді Жәния Джуринская.
Фото: Stan.kz
Еске салайық, былтыр 29 қазанда елімізде ресми тіркелген 745 блогер соңғы 9 айда мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден астам салық төлегенін жаздық. Тізім Instagram, Youtube, TikTok-та 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалардан құралған. Салық кодексіне сәйкес, блогерлердің, соның ішінде ақпараттық өнімдерді жарнамалаудан немесе ілгерілетуден түскен табыстарына салық салынады.