Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Той-томалақ пен жаңа жылдық кештерді тойлағандар кінәлі": ДСМ коронавирус жұқтырғандар саны неліктен азаймай жатқанын айтты

Елімізде небәрі бір аптаның ішінде коронавирус инфекциясынан 66, ал коронавирустық пневмониядан 16 науқас көз жұмған. Қауіпті кеселден көз жұмғандардың көбі алматылықтар екен. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер инфекциялық аурулардың таралуына той-томалақ пен жаңа жылдық кештерді асыға атап өтіп жатқан жұрттың өзі кінәлі екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

коронавирус

Денсаулық сақтау министрлігі той-томалақ тыйылмайынша, пандемияның беті қайтпайды деп отыр. Әсіресе, Алматының ахуалы қиындап барады. 

"Соңғы аптада қорытындысы қайтыс болу деңгейі бойынша ең көп Алматы қаласында (19 адам), Нұр-Сұлтан қаласында (9 адам), Батыс Қазақстан облысында (9 адам), Павлодар облысында (8 адам) тіркелген. Коронавирустық инфекцияның жергілікті өршу оқиғалары көбінесе жабық ғимараттарда топтық іс-шараларды өткізумен байланысты болып отыр", - деді денсаулық сақтау министрлігі cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Дәрігерлердің айтуынша, тікелей қан-тамырлар жүйесіне әсер ететін қауіпті індет миға оттегіні дұрыс жеткізбей, адамның ұйқысын қашырып, жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Сондықтан, міндетті түрде құрғақ жөтел кеудені қысқанша күтпей, коронавирустың өзге де белгілеріне мән беру қажет.

Өкпенің 4-тен бір бөлігі қабынғанда қандай да бір ауру белгісінің байқалатындығы сөзсіз, дейді пульмонологтар. "Күн суықта салқын тигізіп алдым", - деп өз-өзіне диагноз қойғандардың өкпесі 50 пайыз қабынғанда ғана ауруханаға жеткізіліп жатады екен.

"Үйінде 1 апта немесе 10 күн жатып қалған кісілер. Ол бірінші себеп. Екінші себеп ол-жасы үлкен кісілердің қосымша сырқаттары бар. Барлығында қан қысымының жоғарлауы, жүрегінің шануы немесе қант диабеті болады. Осы қосымша ауруларды вирус қоздырып, әрине арты жылайтындай жағдайға жеткізіп жатады", - деді Алматы қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Қазіргі уақытта елімізде 22 мың 322 адам қауіпті кеселмен күресіп жатыр. 252 адамның жағдайы ауыр болса, 49 пациент тіпті, хал үстінде екен. Ал 44 науқас өкпені желдету аппаратының көмегімен дем жұтып жатыр.

Талқылау