Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісіне байланысты "дабыл чемоданын" жинап қоюға шақырды
Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысындағы жер сілкінісі бойынша маңызды ақпарат жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Министрлік азаматтарды "дабыл чемоданын" дайындап қоюға шақырды.
"Дабыл чемоданы" - жер сілкінісі, су тасқыны өрт және басқа да төтенше жағдайларда құтқарушылар келгенге дейін аман қалуға арналған заттардың негізгі жиынтығы. Оқыс оқиғадан ешкім сақтандырылмаған. Төтенше жағдай туралы дабыл кез келген сәтте, кез келген жерде қағылуы мүмкін. "Дабыл чемоданы" әрқашан дайын болуы үшін бұған алдын ала дайындық жасаңыз! Бұған төтенше жағдайда қолдануға болатын заттар кіреді", – делінген хабарламада.
"Дабыл чемоданында" құжаттар, ақша, алғашқы медициналық көмек жинағы, үш күндік тамақ, ауыз су, консервілер, жоғары калориялы тағамдар, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, көрпе, керек-жарақтар (радио, фонарь, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық) болуы қажет.
Еске салсақ, 28 наурыз күні Жамбыл облысында бес балдық жер сілкінісі болғаны туралы жазған едік.