Төтенше жағдайлар министрі жарылыстан қаза тапқандарға неге әртүрлі марапат тағайындалғанын түсіндіріп берді
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандарды марапаттау бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, тәртіп бойынша бірінші дәрежелі "Айбын" орденімен қайтыс болған офицерлер құрамы, ал үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен қатардағы құрам сарбаздары марапатталады.
"Өкінішке қарай, үш адамның дерегі табылмай отыр. Жарылыстардың эпицентрінде сол үшеуін іздеу жұмыстары жалғасуда. Сондықтан, қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің бірқатар қызметкерлері ғана марапатталды. Қалған қызметкерлерді ДНҚ сараптамасы бойынша анықтап, денелері табылғаннан кейін қосымша мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынамыз", - деді Юрий Ильин.
Сондай-ақ, министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың не себепті Мейіржан Аймановқа “Халық қаһарманы” атағын бергенін түсіндірді.
"Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары "Халық қаһарманы" атағын алды. Ол алғашқы жарылыс болған кезде өрт сөндіруді, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастыруды басқарды. Оқиға орнында болған құтқарылған қызметкерлерді қоса алғанда, ол бірнеше адамды қауіпті жерден алып шықты. Содан кейін екінші күшті жарылыс болды, ол сол жарылыстың салдарынан қайтыс болды", - деді Юрий Ильин.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығыме Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар "Айбын" мемлекеттік наградасымен марапатталды.
І дәрежелі "Айбын" орденімен наградталғандар:
Қапезов Арман Қуанышұлы (марқұм) – Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры
Микропуло Александр Николаевич (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары).
ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталғандар:
Дәлібаев Оразбек Дайраұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі ведомстволық күзет командасының атқышы
Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (өрт сөндірушісі)
Мешінбай Марат Сайлауұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (механик-жүргізушісі)
Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының бөлімше бастығы (команда бастығы)
Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы
Темірболатов Арнұр Серікұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы
Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Еске сала кетсек, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 13 адам қаза тапты.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
