Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төсек салып жатқызайық, содан кейін өзі-ақ қалады": Алып қашу құрбаны болған қазақстандықтардың жантүршігерлік оқиғалары

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі мен Сарыағаштағы 17 жастағы қызды алып қашу оқиғасынан кейін желіде көптеген қыз-келіншек үн қатты. Көбі өз басынан өткен, анасы мен таныстары көрген мәжбүрлі алып қашу, қорлау, қысым мен қорқытуға толы естеліктерін жариялады. 

"Ол маған бұйырмаса, ешкімге де бұйырмасын"

Бұған дейін президент Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуына қатысты пікір білдіріп, бұл істің қоғамда кең резонанс тудырғанын айтты. Мемлекет басшысы күдіктінің қызды ұзақ уақыт аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені алдын ала тергеуде анықталғанын атап өтті. Бұдан бөлек Тоқаев қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс деп айтқан еді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде көпшілік үн қосып, өз бастарынан өткен алып қашуға қатысты ұқсас оқиғаларды жаппай бөлісе бастады.

Желі қолданушысы Жұлдызай Уәлидің айтуынша, Нұрайдың қазасына қатысты зорлық-зомбылықты "дәстүрмен" ақтауға болмайды.

"Президент stalker-дің қолынан қаза тапқан Нұрайдың оқиғасы туралы айтқанда, "егер ол маған бұйырмаса, ешкімге де бұйырмасын" деген қағидамен оның өмірін қиюға бел буған адамның әрекеті қоғамда өткеннің қауіпті сарқыншақтары қаншалықты терең тамыр жайғанын анық көрсетеді.  Зорлық-зомбылықты "дәстүр" деп бұрмалап ақтауға тырысу, оның ішінде "алып қашу" сияқты түсініктерге сүйену де еш нәтиже бермейді. Өйткені адамның еркі – ешкімнің иелігіне айналатын нәрсе емес әрі айналмауы керек", – деді Жұлдызай Уәли.

Жұлдызай Уәли азаматтық қоғамда адамның еркіндігі мен жеке таңдауы басты құндылық болуға тиіс екенін атап өтті.

"Алайда жаңалықтардан осындай хабарлар шыққан сайын, ол адамдарға ауыр эмоциялық соққы болып тиеді. Осы кезде сол адамда дәрменсіздік сезімі, ашу, пайда болады. Әрі әйелдердің қауіпсіздігі әлі күнге дейін толық қамтамасыз етілмегенін, ал жеке шекараның әлі де еленбей жатқанын түсінуден туған ішкі жан күйзелісі деп есептеймін", – деді Жұлдызай Уәли.

"Бұдан кейін сені ешкім алмайды"

Бота есімді ару да алып қашу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста өз басынан өткен оқиғаны бөлісті. Оның айтуынша, 2020 жылы 21 жасқа толуына үш апта қалғанда таныс ауылдасы алып қашып, үйіне күштеп әкелген.

"Тапа-тал түсте өзім танитын ауылдың жігіті алып қашты. Көлігіне достары мәжбүрлеп отырғызды. Жол бойы қалмаймын деп айттым, жыладым. Бірақ олар "ештеңе етпейді, көнесің, бәрі жақсы болады" деді. Үйіне әкелгенде көліктен түспеймін деп отырып алдым. Сонда мені көтеріп, күштеп үйге кіргізді. Бәрін алдын ала дайындап қойған екен. Шымылдырық, орамал, жеңгелері де жүгіріп шығып қарсы алды. Бірақ өзіме ешкімді жақындатпадым, орамал да таққызбадым. Үш сағат бойы бәрі жабылып, мені көндіргісі келді", – дейді Бота.

Бота сол кезде өзінің "қалай болғанда да қалмаймын” деп қасарысып тұрып алғанын айтады. Бірақ ол сол жерде бұрын естімеген неше түрлі сөзді естіп, таңданған екен.

"Бұдан кейін сені ешкім алмайды", "Ата-анаңды ұятқа қалдырасың", "Өкінесің", "Бірінші бақ – бақ" деген сияқты ауыр сөздер естідім. Оларға өз еркіммен келмегенімді, бәрібір қалмайтынымды қайта-қайта айттым. Үйдегілерге хабарласайын десем, телефон бермеді. Тіпті қолхат жаз деді. Бірақ мен "жазбаймын, ештеңеге келіспеймін" деп көнбедім. Кешкі сағат 18:00 шамасында әкем мен анам сол үйге келді”, – дейді Бота.

Бота оқиғаның ең шешуші сәті әкесі келген кезде болғанын айтты. Оның сөзінше, әкесі қыздың келісімінсіз алып қашудың қылмыс екенін қатаң ескертіп, қарсы жаққа "келісім болмаса – болмайды" деп кесіп айтып, қажет болса милиция шақыратынын мәлімдеген. 

"Әкем менің сөзімді естігеннен кейін бәрін аяқтарынан тік тұрғызды. "Менің қызымды тап күндіз мал сияқты алып қашатындай сендер кімсіңдер?! Бұл үйде еркек бар ма, шықсын!" деді. Сол сәтте бәрінің аузына құм құйылды. Содан біз ол үйден кетіп қалдық”, – деп Бота өз оқиғасын еске алды.

"Алып қашуды қалыпты нәрсе деп ойлаған екенмін"

Қазақстандық ару Айлана да 21 жасында еш таныстығы жоқ адамға алып қашылғанын айтып, сол кезде мұны қалыпты нәрсе деп қабылдағанын жасырмады. 

"Мені 21 жасымда алып қашты. Жүрген емеспіз. Кішкене күннен босаға аттаған қыз қалу керек деген сияқты әңгімемен өскенбіз. Әкемнің де анамды алып қашқаны бар. Сол нәрсені қалыпты дүние деп санап өскен соң алып қашқанда, босаға аттадым қаламын деп қалдым. Құдай оңдап, жолдасым жақсы адам болып шықты. Бірақ қазір ойласам, бала болған екенмін. Өз ойым қалыптаспаған шектеумен өскен екенмін. Қазіргі сана сол кезде қалыптасқанда қалмас едім", – деп өкінішін жеткізді Айлана.

"Қуғыншылар келіп үлгермей тұрып, тезірек төсек салып жатқызу керек"

Ал енді бірі өз аналарының да дәл осындай тағдырды бастан өткергенін айтып, ауыр естеліктерін бөлісті. Назым Талғатқызының сөзінше, анасы ол үйге амалсыз келін болып түскен, ал туыстар тарапынан қысым мен қорқыту сөздері жағдайды одан сайын ауырлатқан.

"Әкем анамды алып қашып, солай үйленген. Бұл жағдайды бұрыннан білетінмін. Бірақ соңғы уақытта "қызды зорлап алып қашты" деген оқиғалар көбейіп талқылана бастағанда, осының бәрі қайта есіме түсті… Анамды келін етіп әкелген күні ол бөлмеде шарасыз күйде отырған. Өзі қалғысы келмеген екен. Сол кезде қасындағы бөлмеде енесі мен әпкелерін әңгімесін естіп қалыпты. Олар "Қуғыншылар артынан адамдар келіп үлгермей тұрып, тезірек төсек салып жатқызу керек. Тесілген соң өзі үшін қалады" деген сөздерді айтып отырған. Осы әңгімені естігенде анамның жүрегі зырқ етіпті", – дейді Назым.

Назым Талғатқызының айтуынша, кейін қыздың өз туыстары да, артынан келген үлкендер де "қалсын, келмесін" деп, оның үйіне қайтуына қарсы болып, шешіміне қысым жасаған.

"Әжем сол кезде анама жалғыз баламның (яғни, нағашы атамның) жүзін жерге қаратып, "қайтып келген қызы бар" деген ат қалдырмай, қалсын" депті. Сол сөзді анама арнайы жеткізген екен… Сөйтіп анам амалсыздан сол үйде қалып қойған. Қазақта мұндай жағдайдың "салт" болып саналатыны жүрегімді ауыртады. Осыдан кейін екі жақтағы туыстарымды да жақтырмай қалдым… Анамнан "Ол қалай? Неге солай болды?" деп сұрасам, ол тек "Тағдырым осылай екен…" деп жауап берді", – деп қынжылды Назым анасының оқиғасын еске алып.

қызды қинап алып қашқан жігітФото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

"Абысындары оның соңғы ақшасына дейін сыпырып алып отырған"

Шынар Мұхитқызы да анасының алып қашуға ұшырағанын айтып, кейін оның ауыр тұрмыс көргенін жазды. 

"Әкемнің ата-анасы жоқ екен, сондықтан анамды өздерінің ең үлкен ағасының үйіне алып барған. Ол кісі әкемнен 24 жас үлкен болған. Тіпті оның балаларының жасы әкеммен шамалас еді. Сөйтіп анам солармен бірге бір үйде тұрған. Анамның айтуынша, абысындары оның соңғы ақшасына дейін сыпырып алып отырған. Үйдегі үлкен-кішіге шай құйып, бәріне үлгеремін дегенше, тамақ та таусылып қалып, кейде әркімнен қалған кеседегі қалдықтарды ішуге мәжбүр болғанын айтады”, – деді Шынар.

Шынардың анасы 6 ай өткен соң анам "ата-анамды көріп келемін" деп кетіп, сол үйге оралмаған екен.

"Әкем артынан іздеп барған кезде, анам "Бармаймын" деп ашық айтқан. Содан кейін әкем де сол жақта қалып қойған", - деп жазды Шынар Мұхитқызы.

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

"Ешқашан есік алдындағы әжеге де қарамаймыз”

Ләззат та Сарыағашта 17 жастағы қызды алып қашу туралы жаңалықтан кейін бала кезінде мұндай жағдайларға талай рет куә болғанын айтты.

"Қорқыныштысы ол кезде бұл қалыпты жағдай сияқты көрінетін. Қыз қарсыласып, көлікке мінгісі келмей, жылап, "өз еркіммен келдім" деп қолхат жазудан бас тартқан… Сонда да бәрі оны мәжбүрлеген. Бұл қызға жасалған қатты қысым ғой, айналаның бәрі манипуляция! Әрине, зорлық-зомбылық пен "ақ жайма" сияқты сұмдықтарды көрген жоқпын, бірақ адамды ұрлап, күшпен ұстап отырудың өзі – қылмыс, заң бойынша жазаға тартылатын әрекет! Қандай ауыр заман болған… Байғұс ұрпақ…" – деді Ләззат.

Ләззат сол кездегі аналардың көбі осылай тұрмысқа шыққанын еске алды. Біреу көзі түсіп, бір отбасы "келін қылайық" деп шешсе болды, қыз бірден біреудің олжасына айналатындай күй кешетін дейді Ләззат.

"Алып қашпақ болған, бірақ қарсыласып құтылып кеткен қыздарды білемін. Біз өзара "ешқашан есік алдындағы әжеге де қарамаймыз, үлкендердің жалынышты сөзіне де ермейміз" деп сөйлесетінбіз. Тіпті ондай жағдай болса, үйден қашып кетудің жолдарын ойлап, жоспарлайтынбыз. Ал одан да бұрын, егер сені алып қашуға әрекет жасап, кейін қайта үйіңе әкелсе, "енді ол таза емес, оған ешкім үйленбейді" деген түсінік болған. Қазір мұның қалыпты нәрсе емес, нағыз жауыздық саналатынына қуаныштымын", – деді Ләззат.

Сонымен қатар Ләззат қызды алып қашуға қатысы бар барлық адамды заң алдында жауапқа тарту керек екенін айтады.

"Байғұс қыз… Ол әлі кәмелетке толмаған ғой! Мен ашуымды сөзбен жеткізе алмаймын. Олар өздерін кім деп ойлайды? Қызды мал сияқты ұрлап әкетіп, зорлыққа мәжбүрлеп, күштеп некеге отырғызуға қалай дәттері барады?! Оның жасы 18-ге де толмаған ғой! Оның үстіне мұның бәрін "той" қылып, "мереке" сияқты көрсеткені – сұмдық… 2026 жылы! Сол жерде болғандардың барлығы заң алдында ең қатаң жаза алсын деп тілеймін. Бұл қыздың қаншалықты жараланғанын елестетудің өзі қорқынышты", – дейді Ләззат.

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

"Қызды қалуға көндірген жеңге мен табалдырыққа жатып алған апа да қылмыстық жауапқа тартылады"

Осы ретте редакция заңгер Нұрсұлтан Орынбековтан заңда “қыз алып қашу” қандай баптар бойынша қаралатынын сұрап білді. 

"Бұрын “қыз алып қашу” Қылмыстық кодекстің 125-бабы "Адам ұрлау" бойынша сараланатын. Алайда қазір жаңа заң күшіне еніп, 125-1-бап "Некеге тұруға мәжбүрлеу" ретінде жеке қарастырылады. Адамды үйлену мақсатында күш қолдану, қорқыту, қатер төндіру немесе бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеп алып кеткендерге:

  • 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл (қазіргі есеппен шамамен 8 650 000 теңге) немесе
  • 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер бұл әрекет:

  • арнайы күш қолдану арқылы,
  • кәмелетке толмаған адамды біле тұра,
  • жәбірленушінің материалдық тәуелділігін пайдалану арқылы,
  • бірнеше адам алдын ала сөз байласып, топ болып жасаған жағдайда, онда жаза күшейтіледі.

Сөйтіп, 5000 АЕК-ке дейін айыппұл (21 625 000 теңгеге дейін) немесе

  • 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді", – деп түсіндірді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Егер осы әрекеттер соң адамға қасақана емес, яғни абайсызда ауыр зардап келтірілсе де, соның салдарынан ол өзіне қол жұмсауға әрекет жасаса, онда кінәлі тұлғаға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда іс мән-жайы толық зерттеліп, әрекет пен салдардың арасындағы себеп-салдар байланысы дәлелденсе, жауапкершілік күшейтіледі.

"Заң бойынша қыздың “өз еркіммен келдім/кеттім” деуі істі автоматты түрде тоқтатпайды. Себебі мұнда негізгі мәселе алғашқы факт, яғни мәжбүрлеп алып қашу болды ма, болмады ма деген сұрақ. Кейін қыз көндім, кешірдім, рахметіне өзі кетті, келді деген күннің өзінде факті, факті болып қала береді. Онда алып қашу фактісі ретінде іс тіркелсе, қылмыстық істі қозғай береді. Отбасы қанша монипуляция жасаса да, қылмыстық іс қозғалып кетеді", – дейді Нұрсұлтан Орынбеков.

Заңгердің пікірінше, қыз алып қашу кезінде көпшілігі “дәстүр” деп ақтап алғысы келетін әрекеттердің бәрі заң бойынша ауыр құқық бұзушылық болып саналады.

“Ең жиі жіберілетін қате адамдардың "әзіл үшін алып қаштық", "бұл дәстүр ғой", "қыз кейін өзі көнеді", "бір түн отырды болды", "неке қиып қойдық, енді қылмыс жоқ" деп ойлауы. Мұның бәрі өте үлкен қате түсінік. Заң бойынша адамды, тіпті, бір минут болса да еркінен тыс ұстап қалу қылмысқа жатады. Ал психологиялық қысым көрсету, қорқыту, мәжбүрлеу де зорлық болып есептеледі", – дейді заңгер.

Заңгердің айтуынша, қыз алып қашуға “жанама” қатысқан адамдар да жауапкершіліктен тыс қалмайды. “Тек көмектестім” деген уәж заң алдында ақталу болып саналмайды.

“Қыз алып қашуға бірнеше адамның қатысуы істі ауырлататын мән-жай болуы мүмкін. Мысалы, көлік айдаған адам, есік ашып тұрғандар, қызды үйден шығармай қойып табалдырыққа жатқан туыстар, қызды көндіріп, қысым көрсеткен жеңгелері, апалары, әжелері бұлардың бәрі ұйымдасқан әрекеттің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Сондықтан олар да жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi) әрекеттер "көмекші", "айдап салушы", "ұйымдастырушы" ретінде саралануы мүмкін. Соңында сот әрқайсының іс-әрекетіне қарай құқықтық баға беріп, жауапқа тартады", – дейді заңгер.

Заңгер заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды дейді. Оның сөзінше, "Білмедік", "дәстүр деп ойладық" деген сөз ешкімді ақтамайды. Нұрсұлтан Орынбеков қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс екенін және қыздың кейінгі сөзі бәрін шешпейтінін жеткізді.

Заңгер жәбірленуші қыз ең алдымен оқиғаны тіркету үшін полицияға жүгінуі керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек, психологиялық және құқықтық қолдау алу үшін дағдарыс орталықтарына, оңалту ұйымдарына, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын орталықтарға хабарласа алады. Қажет болған жағдайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілге (омбудсменге) немесе прокуратураға да шағым түсіруге мүмкіндік бар дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 16:26