Төртінші баласына аяғы ауыр Динара Сұлтан сұлулығының сырымен бөлісті
Динара Сұлтанның отбасы тағы бір қуанышты асыға күтіп отыр. Әншінің осыған дейін үш қызы болса жақын күндері төртінші баласын қолына алады.
Бұл туралы әншінің өзі BNews.kz тілшісіне жаңа әннің тұсаукесер жиынында айтқан.
Алматыда әнші «Қосни-Қорлан» атты жаңа әнін тыңдармандарына таныстырды. Ұлттық нақыштағы жаңа туындыға қобызшы Ғазиза Әбдірахимова, Әли Оқапов, гитарашы Жандос Естай күш салған.
«Мен бұл әнді бала кезімнен жақсы көретінмін, жиі тыңдайтынмын. Әннің бірнеше нұсқасы болған. Бірақ, біз өз нұсқамызды жасадық. Үйде өзім осы әнді үнемі гитарамен сүйемелдейтінмін. Достарыма өз ойымды айтқан сәтте бірден қолдау таптым»,-дейді әнші.
Шығармашылық жаңалықтан бөлек әншінің жеке өмірінде де сүйіншілейтін күн алыс емес екен.
«Отбасымызбен төртінші сәбиді күтудеміз. Бұл 2016 жылы орындалады. Ұл ма қыз ба қазірге білмеймін. Маған баланың денсаулығы жақсы болғаны маңызды»,-дейді Динара.
Әншінің келбетіне қарап үш баланың анасы деп айтпайсыз. Сымбатты әрі сұлу қалпын бұзбаған. Сұхбат барысында мұның да құпиясын айтып өтті.
«Ең маңыздысы- дұрыс тамақтануды білу керек. Маған барлығы жүкті кезде көп тамақтану керектігін айтады. Бірақ,ол дұрыс емес. Әр уақытта да дұрыс тамақтанып,спортпен айналысып жүру керек. Бұған қоса әр уақытты дұрыс пайдалана білу керек. Осы үш нәрсе менің аналық міндетім мен шығармашылығыма мүмкіндік беріп отыр»,-дейді Динара Сұлтан.
Динара Сұлтан еліміздегі дауысы ерекше әншілердің бірі. «China Town». Тобының әншісі болды. 2006 жылғы Superstar KZ байқауының финалисі