Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт жыл артымнан жүгірді": Әнші Мадина Сәдуақасова жолдасы туралы айтты

Әнші Мәдина Сәдуақасова алғаш тұрмысқа шыққан жылдарын еске алып, жолдасының ел білмейтін құпиясын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Төрлетіңіз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бағдарлама жүргізуші Арман Дәулетияров “Сіз жолдасыңызбен танысқанда әнші ме едіңіз?” деген сауал қойды. 

“Биыл менің сахнада жүргеніме 26 жыл толады. Халықтың есінде жақсы сақталған “Таң қалмаңыз” деген бағдарлама болатын. Маған сол бағдарламаны жүргізуге ұсыныс жасалды. Мен келісіп, түсірілімге келгенде Олжасты көрдім. Сол кезден бастап ол кісі мені ұнатқан. Оның саласы – режиссура. Жұмыс барысында ғана жүздесетін едік. Кейін мені ұнататынын айтып, сезімін білдіріп жүрді. Төрт жыл мені қарату үшін тер төккен адам. 2013 жылы 8 қыркүйек күні менің туған күнімде тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Оның туған күнінде үйлену тойымыз болды”, – деді талант иесі.  

Әнші жолдасының өзінен жеті жас кіші екенін жасырмайды. “Махаббат жасқа қарамайды” сөзінің дәлеліміз”, – дейді әнші әзілдеп. Әңгіме арасында күйеуінің қандай адам екенін де айтып өтті. 

“Олжас шығармашылықтың адамы болғанымен, біздің мінезіміз екі түрлі.  Мен белсенді болғым келеді, әлеуметтік желілерде де тура солай. Ал енді менің жолдасым оны жақтырмайды. Өзінің бір-ақ қана жақын досы бар. Көпшілік жерлерді ұнатпайды. Той-жиындарға ұлыммен барамын. Алғаш үйленген жылдары қатты қызғанды. Ән айтпақ түгілі, сұхбат беруге жібермейтін. Кейін өнер адамы екенімді түсініп, қолдау білдірді. Барлық бейнебаяндарымның режиссері – жолдасым”, – дейді Мәдина.

Айта кетейік, күйеуі Олжастың нағашы атасы, елімізге белгілі халық жазушысы марқұм Қабдеш Жұмаділов болатын. Ұлының есімін Әнуар деп те атасы қойған. 

Еске салайық, былтыр әнші туған күнінде өзіне сый жасап, Түркияның Аланья қаласынан үй алған болатын. Әзірге ол жаққа көшу жоспарда жоғын айтып қалды. 

Талқылау