Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт үй су астында қалған": Ақмола облысында өзенде су деңгейі көтеріліп, ауыл-аймаққа жеткен

Ақмола облысындағы Ақан Құрманов ауылын Есіл өзенінен келген су тасқыны басып қалды. Табиғи апат таңертең көшелер мен үйлерді суға толтырды. Ауыл тұрғындары су тасқынынан шошып, қалай өмір сүретіндерін білмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

"Қорқынышты... Ойбай, қандай қорқынышты! Ыбырай Алтынсарин көшесі, 10-үй, 1-пәтер. Ақан Құрманов. Не болып жатыр өзі?! Құдай-ай! Бәрі су. Бұл сұмдық. Міне, үйге кіріп жатырмын. Айналаның бәрі су. Не болып жатыр?! Қалай өмір сүреміз?" – деді ауыл тұрғыны.

Су тасқыны Ақан Құрманов ауылына таңертең жетті. Ауылдағылар тасқынға алдын ала дайындалған. Құтқарушылар мен әскерилер бөгеттерді бекітіп, үйлерді құм салынған қаптармен қорғауға тырысқан. Алайда үлкен су бәрібір басым болды. Қазірдің өзінде кем дегенде төрт үйдің су астында қалғаны белгілі. Жақын маңда бір үйір жылқы су қақпанында қалған. Құтқарушылар дер кезінде малды алып үлгерді. Ең кішкентай құлынды қайықпен алып шығуға тура келген.

Энергетиктер төтенше жағдайда тасқын әкелген жаппай апаттардың зардаптарын жоюмен айналысып жатыр. Электр станциялары су астында қалып, электр бағаналары құлап түскен. Астрахан ауданының төрт ауылында электр жарығы қалпына келтірілді. 

 "АРЭК" АҚ Астрахан РЭС басшысы Игорь Пономаренко тағы екі ауылды 11 сәуірде қосу жоспарланып отырғанын айтты.

"Қаракөл және Жиделі (Ягодное) ауылдары. Бұл ауылдарға электр қуатын қайта қосу жұмыстары жоспарланған. Жұмыстарды арнайы қорғаныс құралдары мен техника көмегімен бағаналарға өрмелеп жүріп атқарамыз. Қазір су деңгейі грейдер арқылы зақымданған орындарға жетуге мүмкіндік беріп отыр", – деді Игорь Пономаренко.



Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында Есілдегі су деңгейі көтеріліп, тасқынның кесірінен тұрғындар жаппай жарықсыз қалғанын жаздық. Ақмола облысында қатты су тасқыны электр желілерінің тіректерін бұзып, электр станцияларын су басып жатыр. Құтқарушылар адамдар мен малдарды қоршаудан шығару үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 240 маман мен 100-ден астам техникадан тұратын 80 бригада жасақталды.

Талқылау