"Төрт түлік үшін қатты алаңдады": Министрлік Нидерландтан әкелінген жолбарыстардың жағдайы туралы айтты
Америкалық CNN басылымы Қазақстанда 70 жыл бұрын мекен еткен жолбарыстарды қалпына келтіру бойынша мақала жазды. Мақалада жыртқыш аңдардың жерсіндіру мәселесі қозғалған. Осы ретте экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Бексұлтан Мейірбеков Астана телеарнасына берген сұхбатында қыркүйекте Нидерландтан, Германиядан әкелінген амур жолбарыстарының қазіргі жағдайы және популяциясы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Бексұлтан Мейірбековтың айтуынша, қазір Нидерландтан әкелінген екі жолбарыстың жағдайы жақсы.
"Олар карантин кезеңінен өтті және қазір Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығында орналасқан вольер аумағында тұрып жатыр. Жалпы жағдайлары қанағаттанарлық. Бізге жануарларды осы жылдың қыркүйек айында алып келді. Жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін 2018 жылы үкімет Іле-Балқаш қорығын құрды. Қорықта азық базасы қалпына келтіріліп жатыр. Азық базасы жасалып, бұхарлық бұғылар қорек ретінде беріліп жатыр", – деді Бексұлтан Мейірбек.
Министрлік өкілі Қазақстан экологтарының алғашқы қадамдары қандай болғанын және қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.
"Негізгі мәселе – жергілікті тұрғындардың жолбарыстардың келуіне дайын болуы. Өйткені сіздер білетіндей, жергілікті халық төрт түлік малдарына тигізетін әсеріне қатты алаңдады. Негізгі қиындық жергілікті халықпен жұмыс істеу болды. Біз осы бағытта жақсы жұмыс атқардық. Қазір әкелінген барлық жолбарыс қорықта қорғауда тұр. Олар шығарылмайды. Болашақта тек арландар шығарылады. Жолбарыстарға арнайы GPS-датчиктері және арнайы мобильді топтары болады. Бұл жолбарыстарды мониторинг тобы 24/7 бақылап отырады", – деді министрлік өкілі Бексұлтан Мейірбеков.
Бұдан бөлек маман өңірде жаңа жыртқыштардың пайда болуы экожүйеге қалай әсер ететінін айтып берді.
"Біз жолбарыстардың экожүйеге оң әсерін тигізетінін күтіп отырмыз. Өйткені жыртқыштар экожүйеде жануарлардың санын реттеуші ретінде қызмет етеді. Олар тепе-теңдікте ұстау үшін қажет. Иә, бұл – да өзекті мәселе. Жолбарыстарды әкелмес бұрын арнайы зерттеулер жүргізілді. Арнайы ұйымдар тартылды. Бұл аймақ нақты жолбарыстардың мекендейтін жеріне ұқсас екені анықталды", – деп түйіндеді Бексұлтан Мейірбеков.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Балқаш өңіріне Нидерландтан екі жолбарыс әкелінгенін жаздық. Жыртқыштың бұл түрі суық ауа райына да шыдай алатыны айтылды. Тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру үшін Голландиядан ұрғашы және еркек жолбарыс әкелінді. Олар Іле-Балқаш қорығына қоныстанды.