Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт теннисші келісілген матчтарға қатысқаны үшін спорттан шеттетілді

халықаралық теннис агенттігіФото: ITIA

Теннистегі адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық агенттік (ITIA) келісілген ойындарға қатысы бар төрт спортшыны жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Championat.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды. Ең ұзақ шеттету жазасын Таиландтан келген 25 жастағы Наттхасит Кунсуван алды. Ол 12 жылға спорттан шеттетілді. Спортшы 2022–2024 жылдар аралығында өткен 39 келісілген матчқа қатысқанын мойындады.

Франциялық Джейми Флойд Анхель де 25 жаста, ол 5 жыл 3 айға спорттан аластатылды. Оған қаржылық пайда алу мақсатында келісілген матчты ұйымдастыру, тергеуге кедергі келтіру және дәлелдерді жою айыптары тағылды.

Швецияда туған, бразилиялық тегі бар 33 жастағы Кристиан Линделл төрт келісілген матчқа қатысқаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу барысында оның Бельгиядағы келісілген матчтар синдикатымен байланысы да анықталды. Ол 7 жылға шеттетілді.

Францияның бұрынғы теннисшісі Самюэль Бенсуссан (33 жаста) ең қысқа мерзімге – 1 жыл 11 айға шеттетілді. Ол да бельгиялық синдикатпен байланыста болған және төрт келісілген кездесуге қатысқаны дәлелденді.

Шеттету мерзімі барысында аталған ойыншыларға теннис турнирлеріне қатысуға, жаттықтырумен айналысуға және ITIA мен ұлттық теннис федерациялары ұйымдастыратын кез келген іс-шараларға баруға тыйым салынады.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 27 Маусым, 2025 16:24
Талқылау