Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт сағат көмек көрсетпеген": Қарағанды тұрғыны күйеуінің өліміне дәрігерлерді айыптады

Қарағандылық Гүлден Молдабекова күйеуінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Оның айтуынша, күйеуі Айдос Молдабековтің жүрегі қысылып, жағдайы күрт нашарлаған соң ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер тиісті көмек көрсетпей, салдарынан жұбайы көз жұмды дейді. Қайғыдан қан жұтқан әйел енді Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ер адам

21 маусымда түнде 34 жастағы жолдасы Айдостың денсаулығы күрт нашарлаған. Қол-аяғы ұйып, жүрегі қысылыпты. Осыдан кейін келіншек бірден жедел жәрдем шақыртқан. Әйткенмен Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың дәрігерлері ұзақ уақыт бойы күйеуін қабылдамады дейді. Сөзінше, алғашқы медициналық көмек көрсетпей, диагнозын да қоя алмаған. Ал дәрігерлер Айдосты ауруханаға жатқызған соң, келіншекті үйіне қайтарып жіберген еке. Бірнеше сағаттан кейін Гүлденмен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен күйеуі қиналып жатқанын жеткізіпті. 

Мен “Сені ешкім қараған жоқ па?” деп едім, осылай бір рет көзін ашып жұмды, одан екінші рет тағы да “Ешқандай көмек болған жоқ па?” деп едім, тағы да осылай бір рет көзін ашып жұмды. Одан кейін жолдасымды көрген жоқпын. Төрт сағат бойы сағат 04:45-тен сағат 08:45-ке дейін ешқандай дәрігерлерден көмек болмаған”, – деді марқұм Айдос Молдабековтың жұбайы Гүлден Молдабекова. 

Ал камераға сұхбат беруден бас тартқан Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың әкімшілігі науқасты кезекші невропатолог дәрігер дер кезінде қарағанын айтады. Сөзінше,, Айдосты реаниматолог, терапевттің тексеруінен соң, инсульт бөлімшесіне жатқызып, қолдан келген көмек көрсетілген. Қазір азаматтың өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

“34 жастағы азаматтың қайтыс болу дерегі полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағындалды. Фармацевтикалық бақылау департаментімен тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Соның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады”, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Полиция фармацевтикалық бақылау департаменті тексерісінің қорытындысынан кейін ғана нақты шешім қабылданатынын айтады. Бірақ тексерістің қашан аяқталатын нақты айта алмады. 

Талқылау