Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт сабақ енгізіледі": Оқу-ағарту министрлігі балалар арасындағы суицидке қарсы жаңа бағдарламаны қолға алды

Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицид жағдайларының алдын алу бойынша халықаралық тәжірибемен жасалған бірыңғай буллингке қарсы бағдарлама қолға алған болатын. Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас сарапшысы Жібек Нұржан бағдарламаның тиімді тұстары мен қалай жүзеге асырылатынын айтып берді. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің себептерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жібек Нұржанның айтуынша, қазіргі таңда бірнеше шетелдік тәжірибелер зерделеніп жатыр. Солардың арасында білім беру ұйымдарында өзінің тиімділік дәлелдеген фин тәжірибесі екені анықталған. 

“Осы тәжірибе негізінде республика көлемінде бірыңғай буллингке қарсы бағдарлама әзірленуде. Осы мақсатта Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымымен бірлескен шараларды қолға алып жатырмыз. Бүгінгі таңда іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Академиялық орта, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар жұртшылығы, мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын үлкен жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы кәмелеттік жасқа толмаған зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе соған куә болған, буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсету бойынша әдістемелік ұсыныстарын енгізіп, жұмыс жүргізіп жатыр. Одан бөлек, Turku университетінің буллингке қарсы бағдарламасын іске асыру және оны елімізде қолданысқа енгізу бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері лицензия алды. Бұл тұрғыда фин тарапы өкілдерінің ережесі бар, соған сәйкес Қазақстан аумағында бұл бағдарламаны таратуға жалғыз құқықтық иеленуші болу керек. Сол себепті жауапкершілікті Назарбаев зияткерлік мектептері алып отыр”, – дейді бас сарапшы. 

Дегенмен біріккен іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, соған сәйкес бағдарламаны жалпы мектептерде енгізудің кестесі әзірленіп жатыр екен. 

“Әзірге 2024 жылы 80 пилоттық бағдарлама ауылдық мектептерде енгізілмек. Бұған сәйкес, жаттықтырушылар мен педагогтарды даярлау жоспарланып отыр. Бұны бірден енгізе салу да дұрыс емес қой. Оған арнайы мамандар керек. Осы ең бастапқы этапта бәріміз күш салғанымыз дұрыс. Нақты бағдарламаға келер болсақ, ол біріншіден материалдарды қазақ және орыс тілдеріне аударуымыз керек. Сондай-ақ оны еліміздің менталитетіне, ерекшеліктеріне қарай бейімдеу. 2029 жылға дейін бұл бағдарламаны енгізудің толық жоспары аяқталады. Кезең-кезеңімен жыл сайын аймақтарда бірнеше мектептерді қамти отырып жүргізіледі деп ойлап отырмыз.  Айта кететін жайт, 2029 жылға дейін тек бір бағдарламаны күтіп отырмаймыз. Соңғы жылдары буллинг, зиянды әрекеттерге бейімдеушілік жағдайлары көбейіп отырғаны белгілі. Түрлі резонанстық жағдайлар туындап отыр. Осы мақсатта оқу-ағарту министрлігінің тарапынан қазір бірқатар жұмыстар жүргізілуде”, – дейді Нұржан Жібек. 

Оның сөзінше, мектептерде буллингке қатысты енгізілетін 4 сабақтың материалдарын дайындалып жатыр. Яғни, жеке қауіпсіздік бойынша әр сыныпта төрт сабақтан тұратын бірыңғай сабақтардың материалдары бар.

“Бұл сабақтар оқушылардың негізгі сабағынан тыс уақытта сынып сағаттары аясында өткізіледі. Төрт сабақтың міндеттері балалар арасында қазіргі қоғамдағы дұрыс қауымдастықтар ұғымын қалыптастыру. Себебі қазіргі таңда зиянды қауымдастықтар өте көп. Әсіресе әлеуметтік желілерде белең алып бара жатыр. Бұл мәселе әрқашан министрліктің назарында. Сондықтан балалардың зиянды әрекеттеріне бармау үшін біз жағымды, дұрыс қауымдастықтарды оның ішінде ғылыми орталар құруды не болмаса өздерінің қызығушылықтарына сәйкес қосымша білім беру бағыттары бойынша түрлі қауымдастықтарға бірігуді көздейді. Бұл сабақтардың тағы бір міндеті –  өзара сезімталдық дағдыларын, бір-біріне қайырымдылық көзқараста болуын қалыптастыру. Сондай-ақ олардың эмоционалды интеллектісін дамыту. Қазіргі таңда балалар эмоциясын ажырата алмайды, ұстай алмайды. Кейбір уақытта үлкендердің өзі жағымсыз эмоцияларды ажырата алмай жатады. Ашуланып тұрғанын, не өкпелеп тұрғанын білмейді. Ал бұл өте маңызды. Егер анықтайтын болсақ білеміз, өкпелеп отырғанын өзінің кінәсі барын, не басқа біреудің кінәлі екенін дегендей. Себебін анықтап алу арқылы бұл сезімнің өзіне керектігін, тиімділігін біледі немесе басқа эмоцияда отырғанын анықтайды. Осылайша эмоцияларын ажыра білуді, оны басқара білуді үйренеді. Былайша айтқанда кім болса оған соқтығып, ашу-ызасын ары қарай да таратып, көбейтудің қажеті жоқ екенін түсінеді. Міне осылай эмоционалды интеллектісін дамытып, сыни пікірлерге төзімді болуға бейімделеді. Бұның соңы өзара келісімге келе білуді үйреніп, медиация дағдыларын дамытуға алып келеді”, – дейді бас сарапшы. 

Жібек Нұржан осы тұста буллинг жасайтындардың да және одан зәбір көргендердің де эмоционалдық интеллектін бірдей дамытқан жөн деп санайтынын айтты. 

“Бұл жерде мынаны түсініп алайық. Ешқашан да бірнәрсеге қарсыласуға болмайды. Жай ғана есік немесе бір терезені алып қарайықшы. Сіз оған қаншалықты қарсыласқан сайын ар жағындағы күш көбейе береді. Сол сияқты бұл жерде де қандай да бір негативті әрекетті басуға, оны жоюға күш салмас бұрын агрессор болса да оның бойындағы жағымсыз эмоциялардың себебін анықтап жөн. Адам өзінің эмоциясын түсінген кезде бірден барлығы түсінікті бола бастайды. Мәселен, қоғамда түрлі жағдайлар болып жатады. Біреулері үй ішімен келіспей, жанжалдасып қалады немесе үй ішіндегі жанжалға куә болады. Тіпті автобуста біреу аяғын байқамай басып кетеді, бұны жасөспірім әдейі басып кетті деп ойлауы мүмкін. Сондай-ақ кейбір мұғалімдердің өзіндік педагогке тән қатқыл, қойылған дауысы болады. Сол дауыспен сөйлеген кезде оқушы оны дұрыс қабылдамай қалуы мүмкін. Міне, осындай жағдайлар бәрі біріккен кезде ашуы мен өкпе-ренішін басқадан алып жататын жағдайлар болады. Осының бәрін талдай келе соңында әркім өзінің кінәсін мойындаған кездер тәжірибеде бар”, – дейді ол. 

Сонымен қатар Жібек Нұржан балалар арасындағы суицидтің себептері туралы айта кетті. Оның сөзінше, қазіргі көрсетіп отырған талдаулар бұндай жағдайларға психоэмоционалдық фонның бұзылуы себеп болып отырғанын көрсетіп отыр. 

“Мысалы, қалалық немесе облыстық психиатриялық ауруханаларға жатқызылып, екі ай бойы емделіп шыққан балалар қайта суицид жасайтын жағдайлар кездеседі. Бұл жерде “емдеу жұмыстарының сапасы қайда?” деген сұрақ туындайды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бұл тұрғыда алдағы уақытта жұмыс жүргізілетін болады. Тағы да жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауға апаратын үлкен себептерінің бірі – ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас, отбасылық басқа да жағдайлар. Бала көз жұмғаннан кейінгі жағдайларды тергеу органдарынан сұрасақ көбіне себебі анықталмады деп жатады. Ал өз-өзіне қол жұмсамақ болған балалармен кейінірек кездесу, сөйлесу кезінде көбінесе отбасындағы мәселелерді айтады. Әсіресе, ажырасу жағдайларында оларға көп көңіл бөлінбейтінін, сол себепті өзіне назар аударғысы келгенін айтады. Бұл кезде біз педагог-психологтар балалардың ата-аналарымен мектеп қабырғасында кездеседі. Психолог мамандар оларға арнайы мамандарға,яғни отбасылық психологтерге, психотерапевтерге баруға бірден кеңес береді. Себебі мұндай жағдай оқу мен тәрбиелеудегі қиындықтарға байланысты емес болып шығады”, – дейді Жібек Нұржан.

Бас сарапшы қазір Республика бойынша суицидке байланысты прокурорлық тексерістер жүріп жатқанын айтады.

“Мен комииясының құрамында бармын. Кейде жекелей мектептердің психологтеріне жолығып жатамын. Кеше ғана бір мектепке бардым. Психологтер балаларға олардың ата-анасы терапевтке баруды ұсынған. Ал бұл жерде эндокринологтың кеңесі керек болған. Себебі, физика-математика бағытындағы, НЗМ, басқа да тереңдетіп оқытатын лицей-гимназияларда білім алушылар шамадан тыс оқу жүктемесіне байланысты қиындық көрген. Дәрігер берген нақты ұсынымдарды орындаған кезде, психологтармен жұмыс жүргізілгеннен кейін олардың жағдайы да дұрысталды”, – дейді Жібек Нұржан. 

Талқылау