Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі қызбен төбелесіп, жамбасқа салып құлаттым": Алматылық палуан қыз күресті таңдауына не себеп болғанын айтып берді

20 жастағы алматылық Айнұр Әшімова TikTok желісінде шыныққан сымбатымен көпшілік назарына түскен палуан қыз. Ару туысқандары мен таныстарының “қыз балаға қиын болады” деген пікірлеріне қарамастан, әкесінің қалауымен күреске барған. Ауылдан шыққан қарапайым чемпион Stan.kz тілшісіне қыздар таңдай бермейтін спорт түрімен неліктен айналысқанын, жарақаты мен төбелесі, спортқа деген махаббаты жайлы айтып берді.

Палуан қыз Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында туған. Бүгінде ол Республикалық спорт колледжінде педагог, тренер мамандығында білім алуда. Ол күрестен Қазақстан чемпионатының сегіз дүркін күміс жүлдегері, жеті дүркін қола жүлдегері және алтын алып, халықаралық дәрежеде бірнеше рет марапатталған.

Күреске баруымды әкем қалады...

11-12 жасынан спортқа келген Айнұр отбасында төрт қыздың ортаншысы екен. Ару бұған дейін жанұяда ешкімнің кәсіби спортпен айналыспағанын айтады. Ал күреске келуіне оның әкесі сеп болған екен.

“Ауылымызда үйірме тек волейбол мен еркін күрестен жүргізілді. Спортқа жақын мен екеуіне де қатысып жүрдім. Егер мүмкіндік болғанда басқа спорт түрлерімен де шұғылданушы едім. Әкем еркін күреске барғанымды қалады. Ал анам болса бұл шешімге қуана қоймады. Себебі басында ол мен үшін қатты уайымдайтын. Кейін жаттықтырушым менің көзімнен ұшқын көргенін айтқан кезде болашағымның зор екеніне менің де анамның де сенімі артты. Жаттығуға барған сайын күрес ұнай бастады”,- деді бойжеткен. 

Айнұр әкесі қалағанымен тусықандарының қарсы болғанын жасырмады. Себебі олар бұл спорт түрінің қыз балаға қиын болатынын ескерткен екен.

“Туысқандарымның көбі қыз балаға қиын болады деді. Бірақ әкем қалап тұрған соң артық әңгіме де қозғалмады. Сөйтіп басында қарсы болғандар қазір керсінше, қолдайды”,- деп қосты бойжеткен.

Айнұрдың жетістіктеріне қарап қазір кішкентай сіңлісі де бой түзеп, оның жолын қуыпты. 

“Біз отбасымызда төрт қызбыз. Менен кейінгі сіңілім жеңістерім мен түрлі сыйлықтар алғанымды көріп, қызыға бастады. Қазір ол да еркін күреспен айналысып, Республикалық спорт колледжінде оқып жүр”,- деп қосты бойжеткен. 

@ashimova550 #колдапкетейк🇰🇿 ♬ оригинальный звук - Pitomnik 👑TEMIR👑

Жамбас әдісі: Қыздармен төрт көшенің қиылысында төбелестім… 

Биязы бойжеткен спортты өмірде қолданған кездері болғанын жасырмады. Ару кішкентай кезінде бұзықтау болып, мектеп заңдарын бұзса да, бауырмал, достарына ашық өскенін айтады. Күресте дес бермеуге тырысса да, өмірде төбелеске жоқ екенін күле еске алды. 

“Ол кезде кішкентай болдым. Ауылда жүргенімде мектептегі қыздар сыртымнан мазақтап, маған тиісе бастады. Басында олардың қылықтарына үндемей жүре бердім. Кейін жиі қайталанып, шыдамымның шегі таусыла бастады. Қатты ашуланғаным сонша жауап қайтарамын деп шештім. Кейін мектептен үйге қайтып бара жатып, сол екі қызды көріп қалдым. Күтіңдер деп айғайлап, арттарынан бардым. Оларда мені күтіп тұрды. Жеткенімде түрлі сөздер айтып, итеріп, тиісе бастады. Солай төбелес басталды. Мен көп сөйлеместен бірден жамбасқа салып құлатып, ұра бастадым. Төрт көшенің қиылысында төбелескендіктен көліктер келіп тоқтап жатты. Кейін бір аға тұрыңдар бұлай болмайды деп араша түсті. Төбелес тарқады, ал олар кетіп бара жатса да маған ғайбат сөздер айтуын тоқтатпады. Мен сабама түсіп, қалай жамбасқа лақтырғанымды есіме алдым. Осылайша сол оқиғадан бері күресте жамбас тәсілін көп қолданып кеттім”,- деп күлді палуан қыз. 

Ауыр жарақат алдым, ота жасау керек деді...

Спортшы ару аптасына 10 рет жаттығады. Айтуынша жарыста да, жаттығуда да абай болып, жарақат алмауға тырысқан жөн. 

“Негізі спортшыларға оңай емес. Бірақ олар шыдамды болып келеді. Ең бастысы барлығынан шаршамай алға басу үшін таңдаған спорт түрін жақсы көруің керек. Мен 2022 жылы Түркияда тіземнен қатты жарақат алдым. Ал одан соң қайта қалыпқа келу өте қиын болды. Дәрігерлер мениск (тізе сіңірлерімен жалғаушы буындардың ішінара жыртылуының 2-деңгейі) деді. Тіпті ота жасату керек екенін айтты. Бірақ шүкір отаға жеткізбей бір апта бойы тіземе екпе алып, дәрілер іштім, түрлі жаттығулар жасап жүріп емделе бастадым. Міне, жарты жылдай уақыт өтті. Әлі де кішкене ауырады. Бірақ, төзуге болады. Маған әрі қарай қозғалу керек”,- деді бойжеткен.  

@ashimova550 #колдапкетейк🇰🇿 кутыктап кетик 💙💙#альхамдулиллах ♬ оригинальный звук - 𝐉𝐚𝐧𝐚𝐛𝐚𝐞𝐯 𝐑𝐞𝐦𝐢𝐱🎧

Ұтылып қалса, бәрін тастап кететін мен емес…

Палуан қыз қанша қиындықтар мен кедергілер болса да спорттан кетпейтінін айтады. 

“Қыз бала әрине нәзік болуы керек. Бірақ күресте нәзік болу мүмкін емес. Спорт өте қиын сала. Моральдық та, физикалық тұрғыдан да оңай емес. Оның үстіне ел намысын қорғау жүгі тағы бар. Спортты тастаймын-ау, деген ой кез келген спортшыда болады. Кейде шаршағанда немесе жеңліс тапқанда менің де күрестен кеткім келетін. Дегенмен отбасымның қолдауы мені әркез жігерлендіріп отырады. Сондықтан мен ұтылып қалса, бәрін тастап кететін жандардың қатарынан емеспін. Керісінше алға басуға тырысамын”,- деп қосты ару.
@ashimova550 #3орын ♬ оригинальный звук - БЛОГЕРЫ KZ 🇰🇿

Айнұрдың бүгінде TikTok желісінде 500 мыңнан аса жазылушысы бар. Ал қаралым саны 1 милионнан асады. Спорттан бөлек желіде де көңілді видеоларымен көпшілікті тәнті етіп жүрген бойжеткен еркін күресті таңдамағанда өнер жағынан көрінер ме едім дейді. 

“Негізі қарапайым ауылдың қызымын ғой. Бұлай боларын тіптен ойламаппын. Басында TikTok-қа видеоларды өзім үшін салатынмын. Кейін адамдардың назарын көріп, оларға жақсы ой салып, көңілін көтеру ұнай бастады. Мұнымен жұлдызбын деп айта алмаймын. Тек спорт пен осындай өнер жағынан жолымның болғанына әлі де таңғаламын”,- деп қорытты ару. 

Талқылау