Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт ауылдың халқы жайылым жеріміздің Өзбекстанға өтуіне қарсымыз деп наразылық білдірді

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының шекаралық аймақта тұратын төрт ауылының халқы жалғыз жайылым жеріміздің көрші мемлекет – Өзбекстанға өтуіне қарсымыз деп наразылық білдірді. Айтуларынша, жүз жылдан бері пайдаланып келген мал жайылым жерін әп-сәтте көрші елдің құзырлы мекеме өкілдері қада қағып, ескертусіз қоршай бастаған.

Снимок экрана (54)

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Сарыағаштың Өзбекстанмен шекаралас төрт бірдей ауылының тұрғындары көлемі жүз гектардан асатын жайылым жерін Өзбекстанның қоршай бастағанына наразылық білдіріп отыр. Сорақысы сол, бұған дейін малдарын жайып келген алып аумаққа неліктен басқалардың көз тігіп отырғанына құзырлы мекемелердің өздері жауап бере алмай отыр,-дейді тұрғындар.

«Қазақстаннның стойкасы қалып кетті границаның ішінде. Енді бұл жерді алып қоятын болса, бізде жайылым жер қалмайды. Жайылымды көріп тұрсыздар, шөп деген бізде көктем кезінде болады да, жаздық кезде жайылым болмайды», – дейді ауыл тұрғыны Есберген Бабашев.

Жер көрші елге қалай өтеді, артынша түгел қоршалатынын айтады тұрғындар. Мұндай жағдайда шекара маңына жақындау үлкен қауіпке айналады дейді.

«Документ біздікі, жер біздікі дейді. Ертең малға, жайылымға өтетін болсақ, біздің де балаларымызды атып тастауы мүмкін», – дейді ауыл тұрғыны Алтынбек Мәмбетов.

Көрші елдің өкілдері өз беттерінше әрекет жасап отырған жоқ. Бұл екі ел арасындағы ортақ келісіммен жасалып отырған шара дейді шекара қызметіндегілер.

«Бекерден-бекер ешкім кіріп жатқан жоқ. Демаркационный жұмыстар өткізілген кезде, барлығы бекітіліп, протоколға қол қойылған», – дейді шекара қызметінің коменданты Азамат Бақытбеков.

Тұрғындар билікке шекара аймағын түсірілім тобына да көрсету жөнінде талап қойды. Аудан әкімі қоршауды бірге көруге шақырғанымен, шекара қызметі өкілдері белгіге бізді жақындатпады.

«Тұрғындардың дауына айналған шекаралық аймақ осы Сырдарияның жағасындағы арал. Негізінен мал жайылымдық жер. Жергілікті билік оның көлемі 70 гектарды дегенді айтады. Алайда шағымданушы тарап оның көлемі әлдеқайда жоғары деп отыр», – дейді тілші Ерлан Қуандықов.

Бір аптаға созылған наразылықтан қорыққан билік, тұрғындарды барынша жұбатып, телеарна тілшілерінің қажеті жоқ, мәселе оң шешімін табады деп сендірген. Алайда жалғыз жайылым жерге қада қағуды тоқтатпаған көршілердің әрекетінен соң, халық қайта наразылық танытқан. Жерді қалдыру бойынша аудан әкімдігі жоғарыға ұсыныс бердік деп отыр.

«Енді біз сондай ұсыныс айтып жатырмыз. Неге десеңіз, арғы бетте біздің сондай жеріміз бар. Ол жерге дариядан өтіп, барып келу өте қиындық тудыруда. Ешкім пайдаланбайды да. Сол жерді екі елдің мемлекетаралық комиссиясы келіссе, яғни бір-бірімен ауысса, дұрыс болады деген халықтың сұранысы болып жатыр», – дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайыл Тасқұлов.

Сарыағаштағы төрт ауылдың малы осы жайылымға жайғасқан. Сондықтан жердің қоршауы аяқталса, мал да арғы бетте қалады дейді халық. Ал жерге қатысты күрделі мәселені үкімет тұрғындардың мүддесіне орай шешпесе, жағдайымыз мүшкіл болмақ дейді олар.

 

Талқылау