Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт әкім ауысса да, мәселе шешілген жоқ: Абай облысының тұрғындары жарық пен ауыз судан таршылық көруде

Абай облысына қарасты Жарма ауданының Үшбиік ауылында түйіні тарқамаған мәселе жетерлік. “Жаңа Қазақстан” деп жария етілсе де, ауылда ескіліктің лебі есіп тұр. Тұрмысы тұраламаған елді мекенде жарық жиі өшеді. Ауыз су мәселесі де әкімдер алма-кезек ауысқанмен өзектілігін жоймаған. Stan.kz тілшісі тұрғындармен тілдесіп, тақырыпқа тереңірек үңіліп көрді.

“Бюджет үнемдеуді басшылыққа алса керек”

Жарма жұрты облыс әкімінің қолдауымен тағайындалған әр аудан басшысының жолына ұдайы сеніммен қарап  келді. Дегенмен үдеден шыққан ешбірі жоқ дейді. Қазір бұл аудан әкімсіз. Әйтсе де “Міндетін атқарушы мен орынбасарлары олқылықтың орнын толтыруға құлықсыз ба?” деп көкейдегі сауалдарын қойып жатты. Анықталғандай, ауызсу мәселесінің бірнеше жылдан бері шешілмей жатқандығынан аудан атқамінерлері хабардар, бірақ соған қарамастан әрекетке көшуге асықпайды. 18 жылдан астам уақыт бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Үшбиіктегі су құбырына жөндеу жүргізілгенімен, игілігін көріп отырған жұрт байқалмайды.

“Ауданда төрт әкім ауысты, мәселе шешілген жоқ. Әсіресе аптап аңқаны кептірер шілде кезінде ауызсудан тарығамыз. Соңғы бірнеше жылда құрғақшылық көбейіп, жер-жерде су деңгейі төмендеп кетті. Скважина дейміз, яғни ұңғыма, насос арқылы 70-80 метр тереңдегі суды сорады. Су деңгейінің төмендегені сонда сезілді, қазір құбырдан сыздықтап ағады”, – десті ауыл ақсақалдары.

Бұдан бөлек, тұрғындар соңғы жылдары Үшбиіктің аумағы ұлғайып, халқы көбейгенін айтты. Демек, ауыз суға деген сұраныс арта түсті. Орал Ақшабаевтың айтуынша, мұның алдында Үшбиікте кәсібін дөңгелетіп отырған бірнеше шаруа қожалығының өз су құбырлары болған. Қазіргі уақытта барлығы күйрепті. Соның салдарынан олардың қажеттіліктеріне қарай барлығы жалғыз су мұнарасына тәуелді.

“Ол жақта жеке су мұнарасының болғаны орынды еді. Ескермеді оны, сірә, бюджет экономдауды басшылыққа алған. «Екі жаққа мұнара қою керек, құрылғылар орнату қажет» деп айтқанымызға құлақ аспады”, – деді тұрғын.

Жаңадан қойылған трансформатор он күн болмай өртеніп кеткен

Үшбиіктіктердің сөздеріне сүйенсек, түйткіл түйінін тарқатудың бір ғана жолы бар –  ескі су мұнарасын толықтай ауыстырып, ауылға жаңа мұнара орнату керек. Ал іс жүзінде барлығы қаржыға келіп тіреліп тұрған көрінеді. Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Бексұлтановтың айтуынша, жыл басында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне өтінім берілген.

“Жобалық-сметалық құжатқа 15 миллион теңге, жаңа жаңарту жұмыстары 262 миллион теңге қаражатты қажет етеді. Өздеріңіз білесіздер, қазір облыс екіге бөлінген. Сол себепті, біз құжаттамаларды Абай облыстық әкімшілігіне тапсырамыз”, – дейді ол.

Жауапты тұлға 2023-25 жылдары жұмыс қайта қолға алынатынын алға тартты. Десе де мәселе мұнымен бітпеді. Электр желілерінен үнемі ақау шығып, зардабын айналып келгенде ауыл тұрғындары тартып отыр. Ауылдастар атынан сөз алған Төлеубек Ахметжановтың сөзінше, 60 жылдан астам уақыт бұрын тартылып, содан бері жөндеу көрмеген. Жеті-сегіз жыл бұрын ауылға жаңа трансформатор орнатылыпты, алайда ол да ұзаққа бармады. Он күн өтпей жанып кеткен.

“Содан бері ауылда жарық жиі өшеді. Қазіргі уақытта басқа бір ауылдан ескі трансформатор әкеліп қосып қойған. Оның өзінде, күн күркіреп, найзағай ойнаса, ол тұрмақ құс қонса болды, өшіп қалады”, – деді ауыл тұрғыны.

Аудан әкімінің орынбасары электр желісі бойынша мәселе ендігіде шешіліп қоюы тиіс екендігін айтты. Тамыз айының 4-5 күндері мамандар барып, жөндеу жүргізген көрінеді. Ал тұрғындар қордаланған мәселелерді айта келе, жаңадан құрылған Абай облысы әкімінің жолына үмітпен қарайтындықтарын жасырмады.

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау