Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Топырақ араласқан су ішіп отырмыз": Өркениет игіліктерінен құр қалғандарын айтқан қызылордалықтар жанайқайын жеткізді

Жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылдан бері Қызылорда облысы сыңдарлы кезеңді бастан өткізіп жатыр. Сырдария өзені тартылып, қарапайым шаруаларды қинап жіберді. Қолайсыз ауа райының салдарынан қуаңшылық орын алып, талай төрт түлік өлді. Бұл жолы да қиналып, ағашын ұстап қалған шаруалар болды. Дегенмен Сыр елінде мұнан басқа да мәселелер шаш-етектен. Облыс орталығында тұрып, қарапайым өркениет игіліктерінен құр қалған тұрғындардың шыдамы әбден таусылған. Бүгінде "Сабалақ" саяжайы тұрғындарының билікке деген сенімі жоғалған. Ішетін су мен тақтайдай тегіс жолға зар болған жандарға шенеуніктер де уәде беруден шаршамайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Сабалақ" – Қызылорда қаласына жапсарлас жатқан аудан. Соңғы бірнеше жыл ішінде мұнда үй салып, көшіп келушілердің қатары артқан. Бүгінде үш мыңға жуық тұрғыны бар. Соған қармастан, инфраструктура мүлдем тартылмаған. Саяжайлықтардың басым көпшілігі суды тасып ішуге мәжбүр. Ал мүмкіндігі жоқтар жер асты суын пайдаланып отыр.

"Біздің жанұямызда көлік жоқ. Қаладан су тасып ішуге мүмкіндігіміз бола бермейді. Тереңдігі 15 метр болатын құдық қаздырған едік. Бірнеше жерге су тазартқыш құрылғысын да орнаттық, бірақ одан тазарып жатқан су жоқ. Ұзақ тұрса, сарғайып кетеді, оның үстіне топырақ араласып жүреді. Амалдың жоғынан осы суды тұтынып отырмыз. Бәрінен балаларымыздың денсаулығы алаңдатады", - дейді "Сабалақ" тұрғыны Мира Қожабергенова.

Ауыз судың жоқтығы қарапайым тұрғындарды әбден әбіржітіп жіберген. Мұндағы халық билік басындағыларға сенуден қалдық деп отыр. Саяжай тұрғыны Балабай Ыбырай екі күннің бірінде қала орталығынан су тасиды. Тіршілік көзінің өз үйінен ағып тұратын күнді асыға күтіп жүр.

"Су жоқ. Соның салдарынан үйіміздегі санузелді, кір жуу машинасын пайдалана алмай отырмыз. Негізі "Сабалақты" ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары үш жыл бұрын басталған, бірақ әлі бітетін түрі жоқ. Жазда қала әкімі келіп, тамыз айында "су береміз" деп уәде беріп кеткен. Содан бері ешқандай қимылды байқамадық", - дейді жас азамат.

Расымен, "Сабалақты" ауыз суға қосу жобасы үш жыл бұрын бастау алған. Алайда жұмыстың соңы сиырқұйымшақталып кеткен. Өкінішке қарай, тіршілік нәрі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған жалғыз мәселе емес. 1500-ге жуық оқушысы бар ауданда мектеп жоқ. Биыл жеке білім ошағының құрылысы басталған болатын. Бірақ бұл мектептің ай сайынғы ақысын төлеуге кез-келген отбасының шамасы келмейді.

"Жеке мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жатыр. Бірақ бұл ақылы мектеп болады дейді. Қазір балаларымыз қашықтықта орналасқан білім ошағына қатынап жүр. Мектептің автобусы күнара бұзылады, жағдайы өте нашар. "Сабалақта" жалғыз қоғамдық көлік бар. Оның өзінде көліктер саны шектеулі. Балаларымыздың  қыстың күні оқуға қатынауы қиындық туғызып отыр", - дейді саяжай тұрғыны Алия Қайырбекова.

"Сабалақта" жол мәселесі де мәз емес. Жауын күндері аяқ алып жүру мүмкін емес. Батпақта аяқтарына қап киген тұрғындарды жиі көруге болады. Жалпы, сабалақтықтар өзекті мәселелерін көтеріп,  жанайқайларын әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп отырады. Бірақ бұл әрекеттерінен ешқандай нәтиже болар емес.

"2019 жылы Тасбөгет кенті Сабалақ саяжайын ауыз сумен жабдықтау жүйелері құрылысы" жобасының І кезеңі бойынша құрылыс жұмыстарын "Дәнекер" құрылыс компаниясы жүргізіп, 21,022 шақырым магистралдық ауыз су құбырларын орнатты.Құрылыс жұмыстарының 2 кезеңі бойынша 2020 жылы тендер жеңімпазы болып "Мелиоратор" ЖШС-і анықталып, барлығы 15 км су құбырын жүргізді. Ағымдағы жылы ақпан-тамыз айларында саяжайға 48 км су құбыры тартылып, 510 дана су құдықтары орнатылды. Келісім шарт негізінде ауыз су желісі құрылысын аяқтау уақыты қазан айы". Бұл Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғындар шағымына берген кезекті жауабы. Ресми ақпаратқа сенсек, сабалақтықтар қазан айында суға қарық болуы қажет. Межелі мерзімнің аяқталуына бір аптадан аз уақыт қалды. Шенеуніктердің бұл жолғы уәдесі қаншалықты орындалады екен?

Талқылау