Тоқаев: Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген
Елордада V республикалық имамдар форумы өтіп жатыр. Шарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мuftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен "Имам – ізгі қоғам жаршысы" тақырыбында V республикалық имамдар форумы басталды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин келді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы құттықтау хатын оқып берді.
“Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Осындай асыл құндылықтар қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды. Адамзат өркениеті ғылым мен технологияның дамуымен ғана шектелмейді. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, руханият саласына баса мән беруіміз керек. Мүфтият ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа белсене атсалысып келеді. Имамдарымыз халықтың діни сауатын арттыруға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және оны жат ағымдардың әсерінен қорғауға өз үлесін қосуда”, - делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар, Президент өз құттықтауында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және барша дін қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп, бұл басқосу елдегі имамдардың беделін күшейтуге, ата дініміздің қоғамдағы рөлін арттыруға серпін беретініне сенім білдірген.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
