Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төлешовтың мүддесі үшін": Түркістан облысында ата-аналар жеке меншік мектептің жабылуына қарсы

Түркістан облысы Сарыағаш қаласында мектепті сот арқылы тартып алмақ деп бір топ ата-ана наразылық білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

мектеп түркістанТүсірілімнен скриншот

Сарыағаштық ата-аналардың айтуларынша, білім ордасын атышулы бизнесмен Тоқтар Төлешовтің меншігіне қайтару көзделуде. Мұндай талап-арызды прокуратура берді. Қадағалаушы органның арызы бойынша қазір екі сот жеке мектептің мәселесін қарауда.

Ата-аналар мектеп тартып алынса, балалары білім ала алмай қала ма деп қорқады. Өйткені Сарыағашта мектеп тапшылығы сезіледі.  Әл-Фараби атындағы жеке меншік мектепте 200-ге жуық оқушы білім алады.

“Балаларымызды ана мектептен мына мектепке ауыстыру бізге де ыңғайсыз. Балалардың психологиясына әсер етеді. Ана сабақтан ана апайға, мына сабақтан мына апайға барып, миы шаршайды”, – деді ата-ана Гүлназ Алдабергенова. 

Бұл мектептің әр сыныбында кемінде 45 баладан оқиды. Оның өзі үш ауысымда. Бұл нысан жабылса, маңайдағы мектептердің артық бала қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Екі жыл бұрын нысанды сатып алған кәсіпкер бала санының көптігіне байланысты ғимаратты мектепке айналдырған. Қараусыз қалған орынды қалыпқа келтіруге 70 миллион теңгедей қаржы жұмсапты. Кәсіпкердің өкілі толықтай жабдықталған мектепті прокуратура алғысы келетінін айтты.

Оның пайымы бойынша, құзырлылар сотты болған Тоқтар Төлешовтің мемлекет алдындағы миллиардтаған борышын өндіру үшін білім ұясына қолқа салып отыр. "Дархан групп" компаниясының қатысушысы Төлешов сотталмай жатып, өз келісімімен нысанды "Есен груптың" мешігіне өткізген. Ал соңғы компания қожайыны араға бес жыл салып, мектепті өзге кәсіпкерге сатқан.

“Нысанды Есен груптан сатып алдық. Қаншама миллиондаған инвестиция құйдық, банктен 130 миллион алдық. Оның барлығы құжатта нотариалды түрде жазылған. Неліктен олар бізден тартып алады?”, – деді мектеп құрылтайшысының сенімді өкілі Зарина Нұрғалиева. 

Мектеп құрылтайшысы адвокатының айтуынша, 2021 жылдан бастап ол жерде Төлешов мүшелік етпейді.

Азаматтарға арналған үкімет корпорациясындағы анықтамаға сәйкес,  оған мемлекеттік мүлік комитеті, Қаржы министрлігі және Досанбаев мүше”, – деді адвокат Маржан Ағыбаева. 

Мектеп сатып алу процесіне Төлешовтің қатысы жоқ. Наразылар прокуратура еш қисынсыз әрекетке барып отыр дейді. Құзырлылар мектепке қатысты  жазбаша жауап қайтарды.

“Аталған жылжымайтын мүлік 2016 жылы "Дархан Group" ЖШС-нен "Essen Group" ЖШС-не заңсыз иеліктен шығарылғандығы анықталған. 2022 жылғы Шымкент қалалық сотының қаулысымен қабылдау-тапсыру актісін заңсыз деп тану туралы талап-арызы толық қанағаттандырылды. Алайда аталған мүлікті "Essen Group" ЖШС 2021 жылы "Әл-Фараби атындағы мамандандырылған мектеп" ЖШС-не сатқаны анықталды. Осыған байланысты Еңбекші аудандық прокуратурасы сату-сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінді”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуроры Серік Әбдиев.

Ата-аналар мектеп Төлешовтың мүддесі үшін жабылмасын деп зар қақты.

Талқылау