Қазақстандық файтер-актер сенсациялық жеңілісінен кейін өз эмоциясын ұстай алмады
Алматыда өткен OCTAGON 44 турниріндегі кештің басты жекпе-жегіндегі сенсациялық жеңіліске ұшыраған қазақстандық танымал файтер Еркебұлан Тоқтар (5-3) эмоциясын ұстай алмады. 27 жастағы спортшы тұншықтыру әдісімен жеңіліске ұшыраған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
29 сәуірде танымал актер, ММА файтері және боксшы Еркебұлан Тоқтар 2023 жылғы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол OCTAGON лигасының 44-ші нөмірлі турнирінде қазақстандық жекпе-жекке қысқа мерзімде шыққан 21 жастағы ирандық Паям Назаримен (4-1) кездесті. Екінші раундта Еркебұлан күтпеген жерден жеңіліп қалды - қарсыласы алдымен қатты соққымен нокдаунға түсіріп, кейін жерде жатқанда тұншықтыру әдісін қолданды.
Барлық жекпе-жегінде айламен жеңілген Тоқтар жекпе-жек соңында эмоциясын ұстай алмаған. Микрофонды қолына алған спортшының сөзі көпшіліктің таң қалдырды.
“Жігіттер, қыздар, қолдауларыңызға рахмет! Мен ММА-ді қоя салайын. Ей, араларыңда тік тұрып төбелесетін адам бар?! Аяққа оратылмайтын. Менің күресті жаттықтыратын уақытым жоқ. Осы жерге шығып, ұрысты бастаңдар! Жұдырықпен кез келгеніңді аямаймын”, – деді ол.
Айта кетейік, Еркебұлан өзінің барлық жеңісті жекпе-жегін нокаутпен аяқтаған, сондықтан ол жұдырықпен төбелесудің айқын шебері. Дегенмен, қарсыластары қазақстандықтың осал тұсын – күрес пен грэпплингке тиісті дайындықтың жоқтығын бірнеше рет пайдаланып үлгерді.