Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың туыстары лауазымды қызметтерінен кетпеген: Бұл туралы әділет министрі не деді

5 маусымда өткен референдум аясында қабылданған өзгерістерге сәйкес президенттің жақын туыстары басшылық қызметтерді атқара алмайды. Ал референдумға дейін әділет министрі Тоқаевтың әпкесінің күйеуі Теміртай Ізбастин елші қызметінен кетуі керек екенін айтқан. Дегенмен үш ай өткен соң министр Ізбастинді танымайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сілтеме жасап. 

Тоқаев туыстары

Референдум қарсаңында өткен брифингте әділет министрі Қанат Мусин өзгерістер қабылдана салысымен Теміртай Ізбастиннің Болгариядағы Қазақстанның өкілетті елшісі қызметінен кетуі керек екенін мәлімдеді. 

"Мұндай тыйым енгізілген соң, заң аясында бірден жүзеге асырылады. Ол бұл қызметті босатады, себебі заң жүзінде бұл қызметті атқара алмайды", – деді Қанат Мусин журналистің сұрағына жауап беру барысында. 

Референдумнан үш ай өткенімен, Тоқаевтың әпкесінің күйеуі әлі де елші қызметінен кетпеді. Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қанат Мусин Ізбастинді танымайтынын мәлімдеді. 

"Лауазымдарын босататын туыстардың тізімі бар заңда. Сол бапқа сүйеніп, жүзеге асады. Мен Ізбастинді білмеймін. Туыстығына байланысты, заңда барлығы көрсетілген", – деді Мусин.ф

Тоқаевтың жездесі Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық миссиясын 2009 жылдан басқарып келеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланған соң Ізбастин елші қызметіне тағайындалған. 

Ал президенттің жиені, Теміртай Ізбастиннің ұлы Бекет Ізбастин PSA компаниясында директор қызметін атқарады. Бұл – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы. Сәйкесінше квазимемлекеттік сектор болып саналады. 

Талқылау