Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың сынына қалған вице-министр Астана төтенше жағдайлар департаментін басқарды

Абай облысындағы өртке байланысты Тоқаетың сынына ұшыраған Марат Күлдіков Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов елордалық төтенше жағдайлар департаментінің жаңа бастығын жеке құраммен таныстырды.

Марат Күлдіков 1967 жылы Семей облысында дүниеге келген. ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін және ҚР ТЖА Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы өрт сөндіруші болудан бастап ҚР Төтенше жағдайлар вице-министріне дейінгі қызмет атқарды.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы жедел штаб отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтың баяндамасын бөліп, жұмысын сынға алған еді. 

“14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді.

Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген қандай қарым-қатынас?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?", – деді Тоқаев.

Талқылау