Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың айқай-шу шығаратын әйелдер туралы даулы сөзі феминистер мен белсенділердің ашуына тиді

президенттің жолдауыФото: gov.kz

Мемлекет басшысы Тоқаев халыққа арналған кезекті Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталды. Ол соңғы жылдары адамдардың бір-бірімен ерегісіп, айқай-шу шығарып, тіпті жаға жыртысуға дейін баратын жағдайлар жиілегенін айтты. Сондай-ақ мұндай әрекеттерді көбіне әйелдер жасайтынын жеткізді. Президенттің бұл пікірі басым көпшілікке ұнамай, желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев жолдауында "Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тірегі" деген принципті айтқан тұста, әйелдерді де мысалға келтірді. Президент қоғамда "дөрекілік, ұрыс-керіс, төбелестердің" қалыпты жағдайға айналғанын жеткізді. 

“Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс”, – деді Тоқаев.

“Президенттің бұл тұжырымы ешқандай көрсеткішпен, нақты деректермен дәлелденбеген”

Дегенмен оның бұл пікірі қазақстандық белсенділер мен Медианың назарын бұрып, сынына ұшырады.  Бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып Batyr Jamal медиасы пікір білдірді. Олар елімізде бір ғана 2024 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қанша оқиға болғанын мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы өз сөзінде мұндай жанжалдарды көру "жағымсыз" екенін, бұл әрекеттерді көбіне әйелдер жасайтынын айрықша атап өтті. Алайда елімізде негізгі агрессорлар, ер адамдар екенін еске салған жөн. 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты шамамен 100 мыңға жуық хабарлама түскен. Полиция 72 мың қорғау нұсқамасын беріп, 16 мың іс бойынша сот шешімдері шығарылған. Бұдан бөлек, былтыр дағдарыс орталықтарына 5,5 мыңнан астам әйел жүгінген, олардың 3,7 мыңы – баласымен бірге барған. Айта кетейік, бұл ресми статистика. Дегенмен полицияның алдына жетпегені қанша. Демек, нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары", – деп жазды Batyr Jamal.

Медианың мәліметінше, президенттің тұжырымы ешқандай көрсеткішпен немесе нақты деректермен дәлелденбеген. 

"Алайда президенттің ойынша, елдің абыройына нұқсан келтіретіндер, жанжал шығарып, балағат сөз айтатындар әйелдер екен. Ал шын мәнінде қоғамға қауіп төндіретіндер – агрессор, абьюзер мен зорлықшылар. Президенттің бұл тұжырымы, ешқандай көрсеткішпен немесе нақты деректермен дәлелденген жоқ. Бұл әйелдердің қалай болуы керегін шешетін патриархалдық түсінік, яғни олар үнсіз, көнбіс әрі тыныш болуы тиіс деген көзқарас", – деп жазды Batyr Jamal.

Сондай-ақ Batyr Jamal елімізде соңғы уақытта болып, резонанс тудырған оқиғаларды тізіп шықты. Ол соңғы жылы болған келеңсіз жайттарды ғана мысалға келтірген. 

"Ал шындық мүлде басқа. Соңғы резонанс тудырған оқиғаларды еске алайық. Жетісу облысында ер адам бірнеше сағат бойы әйелін екі жасар қызының көзінше азаптап, өлтірген. Әйелінің қолын арқанмен байлап, атпен сүйреген. Түркістан облысында бұрынғы қайын атасы әнші Азоданы сахнада соққыға жыққаны, полицияның оны агрессормен татуласуға көндірмек болғаны. Алматы облысында өгей әке 17 жасар қызын сегіз жасынан бастап зорлап келген. Қазір ол қыз дағдарыс орталығында жасырынып, үйіне қайтуға қорқып отыр. Бұл соңғы оқиғалар ғана. Ал елімізде күн сайын әйелдер мен қыздарды ұрып-соғу, қорлау, зорлау, өлтіру деректері орын алып жатыр. Өкінішке қарай, президенттің Жолдауында күн сайын өршіп отырған мәселеге тағы да орын табылмады", – деп жазды Медиа. 

“Бұл "балық басынан шіриді" дегенді көрсетеді”

Ал медиаменеджер Айсана Әшім елімізде әйелге деген жеккөрінішті көзқарас барын, оның әрі қарай жалғаса беретінін жеткізді. 

"Жолдаудағы ең күлкілі нәрсе, Тоқаевтың әйелдердің жанжал шығарып, балағат сөз айтқаны "ұнамайтынын" айтып шағымдануы болды. Жуырда ғана Талғарда ер адам қызды зорлап, оның ағасын өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кетті. Бірақ сонда да президентке әйелдер ұнамайды. Жолдауда самокат мәселесін де көтерді. Алайда күйеуі атқа байлап, сүйреген әйелдің жағдайы мүлде айтылмады. Бұл нені білдіреді? Мұндай сөздер ең маңызды саяси құжат саналатын жыл сайынғы Жолдауда кездейсоқ айтылмайды. Бұл "балық басынан шіриді" дегенді көрсетеді. Біздің қоғамда әйелге деген жеккөрінішті көзқарас (мизогиния) әлі де берік және әрі қарай жалғаса береді. Бұл Қазақстанда миллиондаған әйел мен балалардың өмірі, қауіпсіздігі билік үшін маңызды емес дегенді білдіреді", – деп жазды тағы бірі. 

“Мұндай елде өмір сүргім келмейді”

Ал Шарапат Қыстаубай есімді Threads қолданушысы президенттің әйелдерге бағытталып айтылған сөзінен соң, елдің жарқын болашағына сене алмайтынын жеткізді. 

"Президенттің Жолдауынан кейін іштей сындым. Бұған дейін білімді адам қоғамдағы басты мәселені түсінеді деп ойлайтын едім. Бірақ мәселе әйелдердің мінез-құлқында емес, ер адамдардың мәдениетсіздігінде екен. Ал әйелдердің реакциясы соған берілген жауап қана. Енді еліміздің жарқын болашағына сене алмаймын. Біз әйелді екінші сорт ретінде қарайтын модельге қарай бет бұрып бара жатқандаймыз. Ондай елде өмір сүруден бас тартамын және енді не істеу керегін ойлап жүрмін", – деп жазды ол. 

"Қазақстанда бір әйел көшеге шығып балағаттаса болды бәрі бітті, елдің имиджі құрыды. Ал ер адамдар боқтап сөйлеп, әйелін сабап, жолда төбелесіп, балаларын тастап, алимент төлемей жүрсе бәрі ол "қалыпты" деп саналады. Олар осы ісін әрі қарай жалғастыра берсе болады. Ал әйелдер ше?! Күйеуі тастап кеткен әйелдер үш жерде жұмыс істеп, көшеде жүруге қорқып, өзін қорғаныссыз сезінеді. Бұл сұмдық қой. Әсіресе осындай сөздерді мемлекет басшысының аузынан есту мүлде түсініксіз", – деп жазды бірі. 

"Қазақстанда 2000 жылдан бері жоғары оқу орындарын бітіргендердің орта есеппен 57%-ы – әйелдер. 2024–2025 оқу жылында студенттердің 53%-ы – әйелдер. 2024 жылдың басындағы дерек бойынша, жоғары білімі бар әйелдер ерлерден 458 151-ге артық. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылғандар ішінде: әйелдер – 47%, ерлер – 38%. Әйелдердің жұмыс күшіне қатысу деңгейі – 63,2%. Соған қарамастан әлі күнге дейін әйелдерді "түптің түбі ақымақ, істің жөнін білмейді, эмоцияға берілгіш" деп айтады. Оны айтатын адамдар үшін әйел қоғамда да, құқықтық алаңда да, экономика мен саясатта да жоқ сияқты көрінеді", – деді енді бірі. 

"Солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар" деді Тоқаев. Шын мәнінде, қазір елдегі ең басты мәселе осы ма? Бір еркек өз әкесін ұрып-соғып өлтіреді. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық өршіп тұр. Ал Талғарда болып жатқан жағдай тіпті шектен шығады. Осылардың бәрінің қасында "әйелдердің жанжалы" туралы айту оғаш көрінеді. Жолдау жылына бір-ақ рет жасалады. Бірақ сол жалғыз мүмкіндіктің өзі зая кетіп жатыр", – деді тағы бір желі қолданушысы. 

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар үшін қоғамдық орында жаға жыртысу қалыпты жағдайға айналғанын айтқан еді. Сондай-ақ солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер екенін жеткізген. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 17:56
Талқылау