Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығы қарақшыларға қатысты болған, ал шерушілерге Бектанов шектен тыс күш қолданған – ресейлік журналист

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығы қарақшыларға қатысты болған, ал наразылық білдірушілерге қарсы шектен тыс күшті сол кездегі қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қолданған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде ресейлік журналист Леонид Млечин "Қайғылы қаңтар" кітабында жазады.

Токаев БЕктанов коллаж

Кітапта Тоқаевтың қаңтар оқиғасы кезінде қауіпсіздік күштері ұйымдастырған нағыз ақпараттық оқшаулауға тап болғаны айтылады.

"Алғашқы күндері – 2022 жылдың 4-6 қаңтары аралығында Тоқаев қауіпсіздік күштері ұйымдастырған нағыз ақпараттық оқшаулауда болды. Президентті тәртіпсіздіктің ауқымы, негізгі облыс орталықтарына шабуыл жасаған қарақшылардың саны және олардың Ақордаға, президент резиденциясына шабуыл жасау жоспарлары арқылы қорқытқан. Тоқаевтың қасында болған аппарат қызметкерлерінің  айтуынша, "президент ел үшін бандиттер мен билік блогының сатқындарына қарсы жалғыз күрескен", – деп жазады Млечин.

Оның айтуынша, Тоқаев мәлімдемелерін өзі жазған, оны ешкім өңдемеген.

"Осындай қиын кезеңдерде оның "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығы шықты. Президент төтенше жағдайдың талаптарына бағынудан бас тартқан қарақшыларды меңзеген. Олар әскерилерге, полицияға және қарапайым азаматтарға шабуыл жасап, банктер мен дүкендерді тонауды доғармаған. Ал Тоқаев бұл мәлімдемесінде азаматтарды орынсыз көшеге шықпауға, абай болуға, қырағы болуға шақырды", –  дейді журналист.



Ол сол кездегі Қорғаныс министрі қызметін атқарған Мұрат Бектановтың "өкілеттік шегінен шығып, қажетсіз жағдайда күш қолданғаны анық" деп түсіндіреді.

"Кейінірек бұрынғы министр қамауға алынды, 2022 жылдың қазанында оның ісі әскери сотқа жіберілді. Сол кезде Тоқаев сынның астында қалды. Осы кезге дейін қарсыластары оны "бейбіт шерушілерге" қатыгездік танытты деп айыптап келеді. Алайда қазір сол бір қасіретті күндерде президент дұрыс шешімдер қабылдап, елді аласапыраннан, алауыздықтан аман алып қалғаны анық. Ең бастысы: Тоқаев қаңтар трагедиясынан дұрыс сабақ алды. Ол елді өз ыңғайына қарай басқармай, жеке диктатура режимін енгізбеді. Керісінше, Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің тарихында болмаған демократиялық реформаларды жүзеге асыруға кірісті. Президенттік артықшылықтар мен өкілеттіктерден бас тартты. Парламенттің және жалпы азаматтық қоғамның рөлі мен функцияларын күшейту туралы шешім қабылдады. Ол бұдан былай президент халыққа, тарихқа және өз ар-ожданына жауап беретін жалданбалы басқарушы болатынын мәлімдеді. Орталық Азия үшін бұрын-соңды болмаған оқиға: дәл Қазақстанда халықпен жеті жылдық келісімшартқа отырған президент пайда болды. Хан емес, сұлтан емес, жалдамалы менеджер", – деп қосты Млечин.

2022 жылы 4 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, оқиға бақылаудан шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "билікті күшпен басып алу" деп бағалап, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық береді. Елде төтенше жағдай жарияланып, билік мемлекетке "террористер шабуыл жасады" деп мәлімдейді.

Қақтығыстардан, әсіресе, Алматы қаласына қатты залал келді. 6 қаңтарда Қазақстан билігі ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінен көмек сұрады. Қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам опат болды. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер. Із-түссіз жоғалып кеткен азаматтар да бар.

Еске салайық, 21 ақпан күні Бас прокуратура ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ұсталғанын растады. Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бас прокуратураның кейін таратқан мәліметінше, 2022 жылдың 19 ақпанынан бастап аталған адамға қатысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп келеді, күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша қарастырылуда.

Осы бапқа сәйкес әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған болатын. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық", – деді Президент.

Бектановтың орнына 19 қаңтарда қорғаныс министрі қызметіне Руслан Жақсылықов тағайындалды.

Талқылау