Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев SIM карталарды сату тәртібін реттеуді және операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды

тоқаев (3)

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор”, – деді президент.

Сондай-ақ ол былтыр Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод орталық ашылғанын еске салды. Айтуынша, орталық күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

“Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз. Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн”, – деді Тоқаев.

Президент "ақша жымқыру және шетелге шығару схемаларына тартатын" алаяқтардың үлкен мәселе тудырып отырғанын айтты.

“Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн. Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады”, – ол өз сөзінде.

Осылайша Тоқаев үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 16:43
Талқылау